Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заманауи Farabi Chem Science кластері ашылды. Құрамына 9 ғылыми зертхана кіретін кластер химия және химиялық технология факультетінде орналасқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кластердің мақсаты – экология, химия, медицина, мұнай-химия және энергияны көп қажет ететін материалтану салаларында зерттеулер жүргізіп, жаңа шешімдер әзірлеу.
Ашылу салтанатына ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Гарвард университетінің профессоры, зерттеуші-ғалым Марк Эллиот, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, ғалымдар, жас зерттеушілер, оқу ордасының оқытушылары қатысты.
Құрметті қонақтарға химия және химиялық технология факультетінің деканы Алина Галеева жаңадан ашылған зертханалар туралы толық ақпарат беріп, қызметімен таныстырды.
Шара барысында Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылым мен білімді дамытуға және инновациялық тәсілдерді енгізуге айрықша мән беріп отырғанына тоқталды.
«Алматыда өткен жас ғалымдармен кездесуде Президент: «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет», – деп атап өтті. Бүгінгі ҚазҰУ базасында ашылып жатқан зертханалар еліміздің химия саласын дамытып, химия өнеркәсібі саласындағы жұмыстарды тереңдету үшін аса маңызды», – деді Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев зертханалар химиядан бөлек, медицина және биология саласындағы өзекті мәселелерді шешуге сеп болатынын айтты.
Аталған ғылыми зертханалар металл және ағаш конструкцияларға арналған отқа төзімді жабындарды жасауға, арнайы қасиеттері бар бейорганикалық материалдардың жаңа түрлерін зерттеуге, заттар мен материалдарды сандық және сапалық талдау бойынша қызметтерді орындауға мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ зерттеушілер қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтап, талдау, химиялық ток көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлеу, мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерттеулер жүргізу, отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістерін әзірлеу жұмыстарын жүргізеді. Мұнда ғалымдардың емін-еркін жұмыс істеулері үшін қолайлы жағдай жасалған, сондай-ақ соңғы үлгідегі құрылғылар және аппараттармен жабдықталған.
Айта кетейік, университетте химия-технологиялық бейіндегі үш ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Химиялық ғылыми кластеріне аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы, электрохимиялық өндіріс технологиясы зертханасы, мұнай-химия зертханасы, химия-медициналық зертхана, жұқа органикалық синтез зертханасы, энергияны көп қажет ететін наноматериалдар зертханасы, перспективалық материалдар мен технологиялар зертханасы, жоғары дәлдіктегі материалдарды диагностикалау зертханасы және Chemical Coatings Innovations ғылыми-өндірістік орталығы кіреді. Сонымен қатар AlemTrade компаниясының демеушілігімен ашылған жоғары дәлдіктегі материалдарды зерттеу зертханасын атап өткен жөн.
ҚР ҒЖБМ гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары мен демеушілік субсидияларды іске асыру шеңберінде сатып алынған жаңа құрылғылардың құны 1 млрд теңгені құрайды.