Сағаттың ашылу салтанатына ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры, 1983 жылғы түлегі Салтанат Байқошқарова және ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов сынды тағы да басқа зиялы қауым өкілдері, Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһарынан арнайы келген меценаттар мен университеттің оқытушы-профессорлары және білім алушы жастар қатысты.
Шараға арнайы шақырылған меймандар сөз сөйлеп, бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады. ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми өз кезегінде жобаның мақсаты – ҚазҰУ қалашығының тұрғындары мен қонақтарына оқу, жұмыс істеу және тұрмыс үшін жайлы орта құру екенін тілге тиек етті.
– Қазақ ұлттық университетінде бірақтар жұмыстар атқарылып келеді. Түлектер қауымдастығының бастауымен студенттерге шәкіртақы беру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар қалашықтың көркеюіне үлес қосу мақсатында көптеген нысандар бой көтерді. Осы сағат стеласы құрылысы да Түлектер қауымдастығының бастауымен жүзеге асып отыр. Жасалған жұмыстарды мен мақтанышпен айта аламын, – деді Қайрат Мәми.
Қалашықта бой көтерген сағат стеласы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы мен орталық аллеяның жалғасы болып табылады. Меценаттардың ұсынысы бойынша «Мәңгілік Ел» сағаты биіктігі 19,3 метр стелаға орнатылды. Сағаттардың параметрлері үлкен және диаметрі 1600x1600 мм-ге жетеді. Нысан құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген.
Шара барысында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев келушілерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтап, сағаттың неліктен «Мәңгілік ел» деп аталуын тереңінен түсіндірді.
– «Мәңгілік ел» сәулет нысандары әлем елдерінде жасампаз жетістіктер мен толағай табыстар құрметіне қойылады. Сондай-ақ патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мақсатын көздейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясында нақтылап көрсеткендей, тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұратына қол жеткізді. Мәңгілік ел болу – біздің басты мақсатымыз. Баршаңызды бүгінгі «Мәңгілік ел» сағат стеласының салтанатты түрде ашылуымен құттықтаймын! – деп ыстық лебізін білдірді университет ректоры.
Сондай-ақ шараға арнайы қатысқан Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бүгінгі сағаттың ашылуымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. «Қазіргі таңда елімізде 100-ден аса университет студенттерді білім нәрімен сусындатып отыр. Дегенмен, Қазақ ұлттық университеті өзінің биік мәртебесін әлі ұстап келеді. Бүгін «Мәңгілік ел» деп аталатын сағаттың салтанатты ашылуына қатысып отырмыз. Баршаңызды құттықтай отырып, толағай табыс тілеймін!» – деді Олжас Сүлейменов.
Сонымен қатар биология ғылымының докторы, ҚазҰУ-дың құрметті профессоры, 1983 жылғы түлегі Салтанат Байқошқарова да ыстық лебізін білдірді. Ол өз кезегінде университеттің дамып келе жатқанын мақтанышпен айтатынын жеткізді.
Салтанатты шараны түйіндей келе оқу орны басшысы Жансейіт Түймебаев – «Мәңгілік Ел» сағаты – түлектердің университеттің эндаумент даму қорына белсенді қолдау көрсетуінің жарқын көрінісі. Бұл бірегей архитектуралық нысан әлемдік деңгейдегі студенттік кампустың ғана емес, Алматы қаласының да көркін арттыра түскені анық. Ол Іле Алатауының қарлы шыңдары сияқты өзінің әсемдігімен тамсандырып, әрқайсымызға: «Сағаттардың – бағасын, минуттардың – салмағын, секундтардың – есебін біл» деген аса маңызды ақиқатты еске салады. Алма-матер өз түлектеріне туған білім ошағының қызметіне белсенді қатысқаны үшін шексіз алғыс білдіреді.» – деді.
Сағат стеласының ашылу салтанаты арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі