ҚазҰУ-да археология мәселелеріне арналған конференция өтті

Dalanews 17 қар. 2023 05:07 756

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым-ұстаз, археолог, этнограф Әбдеш Төлеубаевтың 70 жылдығына арналған «Қазіргі кезеңдегі Еуразия археологиясы, этнологиясы және музеологиясының өзекті мәселелері: жаңа тұжырымдар мен нәтижелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияға белгілі ғалымдар мен академиктер, тарихшылар, этнологтар, археологтар, музейтанушы ғалымдар мен мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, Әбдеш Төлеубаевтың туыстары, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай конференция ашылуында сөз сөйлеп, профессор Әбдеш Төлеубаевтың өмірі мен ғылыми еңбек жолына тоқталды.

Әбдеш Төлеубаев 1953 жылы 15 қарашада дүниеге келген. 1970 жылы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне оқуға түсіп, үздік бітірген. Әбдеш Тәшкенұлы университетімізде 1979 жылдан өмірінің соңына дейін еңбек етті. Ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі болды.

Көптеген ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын дайындады», – деп атап өтті проректор.

Конференцияда сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының әкімі, тарих факультетінің түлегі Ермек Көшербаев, тарих ғылымының докторы, профессор Бибизия Қалшабаева Әбдеш Төлеубаевтың ғылым, білім мен педагогикаға қосқан үлесі жайында баяндамаларын жасады.

«Әбдеш Тәшкенұлы «Қазақ университеті» газетіне берген сұхбатында «Археология – элиталық ғылым» деп атаған болатын.

Шынында да, археология терең біліммен қатар, терең түйсікті, ерекше ойлауды қажет ететін, уақыт пен қаржы көп жұмсалатын сала.

Әбдеш Төлеубаев 80-90 жылдардан бастап Орынбор, Астрахан, Омбы және Алтай өлкесіне экспедициялар мен ғылыми іссапарлар ұйымдастырды. Тарбағатай аумағынан, Қалба, Шыңғыстау өңірлерінен қола, ерте темір дәуірінің бұрын белгісіз 500-ден астам археологиялық кешенін ашты.

Ә.Төлеубаевтың соңғы жылдары ғылымға қосқан ерекше үлесі – Шілікті «Алтын адамын» қалпына келтіру жұмысын атап өтуге болады.
Соның нәтижесінде Шіліктіден шыққан «барыстың бет пішіні» деп аталған алтын әшекей Қазақстан өнер академиясының төсбелгісіне айналды. «Шілікті бұғылары» Қазақстан тарихшылары конгресінің логотипі болып қабылданды. Шілікті «Алтын адамы» Лондонда, Мәскеуде, Қазанда көрмелерге қойылды.

Әбдеш Төлеубаевтың «Орынбор қазақтары», «Қазақстанның археологиясы», «Дала көсемдерінің қазыналары», «Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері» кітаптары үлкен ғылыми айналымға қосылды. Белгілі археолог-этнолог ғалымның 30-дан астам монографиясы мен оқулықтары, 400-ден аса ғылыми мақалалары бар.

Елеулі еңбегімен халықаралық ғылыми ордада мойындалды. «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» марапаттарын алды. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Көркемөнер академиясының академигі атанды.
Конференция барысында Ә.Төлеубаев туралы очерктер, естеліктер және ғылыми зерттеулері, ежелгі және ортағасырлық археологияның, этникалық тарих пен этномәдени үдерістердің өзекті мәселелері, археологиялық және этнографиялық экспедициялардың далалық материалдары, тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және музейлендіру әдістері талқыланды.

Сондай-ақ Әбдеш Төлеубаевқа арналған «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, деректі фильм көрсетілді.
Тарихшы ғалымдар – Зейнолла Самашев, Мәмбет Қойгелдиев, Мадияр Елеуов, Хангелді Әбжанов, Зиябек Қабылдинов Әбдеш Төлеубаев туралы естеліктерімен бөлісіп, ғалымның археология, этнология салаларына сіңірген елеулі еңбегін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар