Жол құрылысына тиісті бақылау жүргізбеген 22 сарапшы жұмыстан босатылды

Жол құрылысына тиісті бақылау жүргізбеген 22 сарапшы жұмыстан босатылды
Фото: ҚазАвтожол

Қазақстанда жол құрылысы жұмыстарының сапасын тексеру барысында 1 670 ақау мен заңбұзушылық анықталды. Міндетін тиісінше атқармаған техникалық қадағалау мамандарына жалпы сомасы 53,4 млн теңге айыппұл салынып, 22 сарапшы жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылдың басынан бері "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мамандары жол құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарда 50-ге жуық тексеру өткізген.

Тексеру барысында жол жамылғысындағы шұңқырлар мен жарықтар, асфальт қабатының ойылуы және ығысуы, көлік ізінің пайда болуы секілді жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін 1 670 кемшілік тіркелді.

Қазіргі уақытта оның 831-і, яғни 49,8 пайызы түзетілген. Қалған ақауларды жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Әрбір дерек бойынша жауапты тұлғалар анықталып, тиісті шаралар қабылдануда. Жол жұмыстарының сапасын дұрыс қадағаламаған мамандарға 53,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар техникалық қадағалау қызметінің 22 сарапшысы жұмыстан босатылды.

"ҚазАвтоЖол" өкілдерінің мәлімдеуінше, ақаудың анықталуы жұмыстың қабылданғанын білдірмейді. Мердігер компанияларға барлық кемшілікті жою жөнінде талап қойылып, жауапты тұлғаларға заңда қарастырылған шаралар қолданылады.

Жол құрылысының сапасын тексеру жұмыстары республикалық маңызы бар автожолдардың бүкіл желісі бойынша жалғасады.