Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2024» және «Үздік ғылыми қызметкер» атағы иегерлерін марапаттау рәсімі өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, ҒЗИ және ЖОО басшылары, Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен оқытушылары қатысты.
2005 жылдан бастап «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы оларға дәстүрлі түрде оқытушылық және ғылыми қызметтегі жоғары жетістіктері үшін беріледі.

Іс-шара рәсімінің ашылуында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлық жеңімпаз оқытушыларды құттықтап, ғылым мен білім саласындағы орасан зор еңбектері үшін алғыс айтты.
Салтанатты жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, оқытушылардың зор еңбегі мен олардың білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
2024 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгісі Қазақстанның 200 оқытушысына табысталды, оның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 36 оқытушысы жоғары марапатқа ие болды. Әр жеңімпаз 2000 АЕК көлемінде ақшалай ынталандыру сыйақысын алады. Олардың қатарында байқауда ең жоғары балл жинаған ҚазҰУ-дың Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Бөлегенова бар.
«35 жылдан бері осы университетте еңбек етіп, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» марапатын үшінші мәрте алып отырмын. Менің әрбір жетістігім – ең бірінші ҚазҰУ-дағы ұстаздарымнан алған білім мен тәжірибе және университеттің ғылым жолында берген тәлім-тәрбиесі деп білемін», – деді профессор С.Бөлегенова.
Оқытушы 35 жыл ішінде 15 патент алып, 10 монография, 45 оқу құралын және 400-ден аса ғылыми мақала жариялады.

«2024 жылдың үздік ғылыми қызметкері» номинациясына 41 адам ие болды. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары Хабибулла Абдуллин, Нұралы Әкімбеков, Наталья Глушкова және Рима Жансараева марапатталды.
Үздіктерді марапаттау рәсімінде сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы Гүлсім Сүлейменоваға білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып, өркендеу жолында атқарған абыройлы еңбегі мен адал қызметі үшін ҚР ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы табысталды. Ардагер оқытушы университетте 57 жылдан бері ағылшын тілінен дәріс беріп қана қоймай, елімізде өткен жоғары деңгейдегі кездесулерге ілеспе аудармашы ретінде қатысып келеді.

Іс-шара аясында жеңімпаздар үшін ҚазҰУ қалашығына экскурсия өткізілді. Олар ҚазҰУ-дың ғылыми зертханалары мен орталықтарын аралап, «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында, Жерді қашықтықтан зондтау, Робототехника орталықтарында болды. Сонымен қатар қонақтар ҚазҰУ-да орнатылған Орталық Азияда теңдесі жоқ ең қуатты суперкомпьютердің жұмысымен танысты.