Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының полицейлері есірткі тасымалдауға қатысты күдікпен 41 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті Жамбыл облысынан Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған. Тыйым салынған заттар жүк тасымалдау қызметі арқылы қарапайым сәлемдеме ретінде жөнелтілген.
Ер адам Ақтау қаласында сәлемдемені алып жатқан кезде ұсталған.
Тексеру барысында сәлемдемеден өсімдік тектес зат салынған екі қап табылды. Сараптама қорытындысы олардың кептірілген марихуана екенін көрсетті. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 33,5 келіден асқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, есірткі партиясы еліміздің батыс өңірлерінде таратылуы тиіс болған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.