«Жаңа Қазақстан: жаңа кезең, жаңа бағыт» республикалық пікірсайыс турнирінің мақсаты – ұлттық мерекені кеңінен насихаттау, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, пікірталас қозғалысының дамуына ықпал ету.
Іс-шараға университет ректоры Дархан Біләлов, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, «Альфа-Академия» білім академиясының директоры Бакнұр Зиябеков және 31 арнаның директоры Құрманбек Жұмағали және 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасының директоры Ержан Жүніс, жеке кәсіпкер Әділ Әбдірахман, тележүргізуші Бақгелді Баян қатысты.
Турнирдің ашылу рәсімі еліміздің жас пікірсайысшыларын еліміздің тұңғыш университетінің тарихымен және Алматы қаласының танымал, әрі киелі жерлерін таныстыру мақсатында «Таным Трэвл» жобасымен жалғасаты.
Дархан Біләлов қатысушы командалардың мүшелеріне алғысын білдіріп, студенттік өмірдегі осындай іс-шаралардың маңыздылығын және олардың жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
– Пікірсайыс турнирлері арқылы жастарымыздың танымдық, шығармашылық әлеуетін жан-жақты дамытуға және зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға көңіл бөлу қажет. Алдағы уақытта бұл дәстүр жалғасын табатын болады. Біз жастарымыздың жаңа Қазақстандағы болашағын айқындайтын қадамдарды қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді ректор.
Турнирге еліміздің сегіз өңіріндегі 25 жоғары оқу орнынан 140-қа жуық пікірсайысшы қатысты. Жеңімпаздар 11 номинация бойынша анықталып, алғашқы үш орынға арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Бірінші орынды «70%» фракциясы: Жөндербек Жазира (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) және Еркебұлан Әріпбай (Астана қ., Назарбаев Университеті) иеленді. Екінші - Сүлеймен Демирел атындағы университеттің «Хан Тәңірі» фракциясы: Оразғали Әсет пен Арынов Азамат. Үшінші орын жеңімпаздары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «KN» фракциясы: Узбекалиев Кенбай және Құлахмет Нұрдәулет болды.