Qazsport телеарнасына күні кеше өткен футбол матчы тікелей эфирде неге "қатып" қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қайрат" - "Реал Мадрид" матчының трансляциясы барысында техникалық ақаулар туындап, көрерменге ойынның онлайн көрсетілімін толық көрсету мүмкіндігі болмады.
Корпорация матчқа дейін толықтай техникалық дайындық шараларын жүргізген. Серверлердің қуаттылығы әдеттегіден үш есе көбейтіліп, бейне ағынын жеткізу қызметі оңтайландырылған.
"Алайда, матч басталған сәттен туындаған мәселені жедел шешуге тырысқанымызбен, интернет желісіндегі сыртқы қиындықтарға байланысты ақауларды толықтай ретке келтіру мүмкін болмады. Қазіргі таңда мәселеге қатысты кешенді техникалық талдау жүргізілуде. Туындаған қолайсыздықтар үшін көрерменнен кешірім сұраймыз", - дейді телеарна өкілдері.
Айта кетейік, кеше Алматыда "Қайрат" пен "Реалдың" тарихи матчы аяқталды. Алматылық клуб қақпасына жауапсыз бес гол соғылды. Матчтың қалай өткенін осы материалдан оқи аласыздар.