Оның мезгілсіз қазасы оны таныған адамдар үшін әрине ауыр соққы болды. Соңғы күндері банк пен кәсіпкер арасындағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, танымал қоғам өкілдерінің араласуымен бұл жағдайдың шешімі де оң қарастырылған еді.
Таир Қалдыбаев журналист Гузяль Байдалинова екеуі «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның беделіне нұқсан келтіретін көпе-көрнеу жалған ақпаратты жүйелі түрде таратқаны үшін қамауға алынған болатын. Олардың бұл ісі, яғни жалған мақалаларды Nakanune.kz интернет-порталы арқылы таратып, банктің беделіне айтарлықтай нұқсан келтірілгені сотта дәлелденген. Құқықтық мемлекетте осы материалдарды таратқан ұйымдастырушыларды сот алдында жауапкершілікке тартудан басқа қорғаныстың өзге түрі жоқ екенін атап айтқымыз келеді.
Алайда, сот үкімі шыққан соң қоғам қайраткері Денис Кривошеевтің қатысуымен банк және оның бас акционері Кеңес Ракишев адамгершілік, қайырымдылық принциптерін негізге ала отырып, бітімгершілік келісімге келіп, Гузяль Байдалиноваға қатысты шығарылған сот үкімін жеңілдету туралы өтінім берген еді. Ертеректе «Қазкоммерцбанк» осы азаматтық іс бойынша, өз кінәсін жартылай мойындағаны үшін сомасы 19 миллион 900 мың теңгені құрайтын шағымнан бас тартып, 100 мың теңгені құрайтын символикалық өтемақыны қабыл алған.
Бітімгершілік процестің барлық қатысушылары Гузяль Байдалинованың, сондай-ақ Таир Қалдыбаевтың қылмыстық ісі аясындағы жазасын жеңілдету бойынша соңғы шешімді сот 5 шілдеде қабылдайды деп үміттенген болатын. Алайда, соттың отырысы бір аптаға, яғни 12 шілдеге шегерілген. Сот журналистке қатысты жағдайды жеңілдетіп, ал қылмыстық іске тапсырыс берген Таир Қалдыбаевтың апелляциясын өзгеріссіз қалдырса, банк қоғам қайраткерлерімен келген келісімге сәйкес, Таир Қалдыбаевқа қатысты сот үкімін жеңілдету туралы және бітімгершілік келісімге келу процесін сол мезгілде тікелей өз тарапынан бастайды деп жоспарланған еді. Өйткені, ол өз кінәсін мойындап, банкке материалдық залал келтіргені үшін 144 миллион 235 мың теңге көлемінде соманы өтеген. Екіншіден, жақында ғана оның ауыр сырқаты жөнінде және қыздарының бірі қатты ауыратыны жайлы белгілі болған.
Гузяль Байдалиноваға және Таир Қалдыбаевқа банктің бұл жағдайды бітімгершілікпен шешетіні жайлы да белгілі еді. Алайда, бұл күндері жан түршігерлік оқиға орын алды, Таир Қалдыбаев мезгілсіз қаза болды. Сол себепті, тараптардың бітім жасау әрекетіне өзгерістер енгізілді. Біз, «Казкоммерцбанк» АҚ, Кеңес Рақышев және қоғам қайраткерлері Таир Қалдыбаевтың материалдық шығынды өтеген 144 миллион 235 мың теңгені оның отбасына беру жөніндегі біріккен шешімімізді жариялаймыз. Бұлай болады деп ешкім ойлаған емес. Біз, Таир Қалдыбаевтың мезгілсіз қазасына байланысты оның отбасына, туған-туыстары мен таныстарына шын ниеттен көңіл білдіреміз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
«Казкоммерцбанк» АҚ