"Қазба байлық халыққа тиесілі!". Жаңбыршин Митталға шүйлікті

Dalanews 05 қар. 2022 15:00 842

Төтенше жағдайлар және Экология министрлігі шетел инвесторларының алдында қауқарсыз болып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин желідегі парақшасында жазды деп хабарлады Dalanews.kz. 

Депутат 3 қарашада Қарағанды облысындағы 5 кеншінің қазасына байланысты көңіл айтып, шахтадағы қазалы оқиғаларға қатысты ақпаратпен бөлісті.

Төтенше жағдайлар министрінің мәліметіне сүйенсек, Ленин атындағы шахта 1964 жылы пайдалануға беріліп, бірнеше қазалы оқиғалар болған.

1978 жыл – 4 адам қайтыс болған;
1985 жыл – 2 адам қайтыс болған;
1995 жыл – 13 қайтыс болған, 2-еуі жарақат алған;
1998 жыл – 1 адам қайтыс болған;
1999 жыл – 3 адам қайтыс болған, 2-еуі жарақат алған;
2006 жыл – 41 адам қайтыс болған, – деп жазды Жаңбыршин.

Оның айтуынша, жалпы өндірістегі қайғылы жағдайлардың болуына ескі технологиялардың қолданылуы, технологиялық ережелердің бұзылуы, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы немесе бұзылуы, техникалық жабдықтар мен аспаптарды пайдалану ережелерінің бұзылуы және т.б. себеп болады. Бұған қоса депутат шетелдік компаниялардың бірқатар проблемаларына тоқталды.

"Шетел инвесторлары елді көркейтеді, әлеуметтік мәселелерді шешеді, жаңа технологияларды әкеледі, техникалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, мамандарымызды дайындайды деп, әлемде қандай байлар бар, бәрін тарттық Қазақстанға. Енді не болды? «Шеврон» келді, экология салдарынан Сарқамыс ауылын Атырауға көшірдік.

Қытай компаниясы «СНПС» келді, стратегиялық ауыз су қоры бар «Көкжиде» кен орнын бүлдірді, мұнай өндіріп жатқан өлкелердің экологиясы одан түзелген жоқ.


Қаржыны компанияға салмай, үнемдеп өліп бара жатыр және жұмысшылардың еңбекақыларын төмендетеді. 1995 жылы бизнесмен Миталл келді, Қарағанды облысы қайғылы оқиғалар мен экологиялық проблемалардан көз ашпады. Тізе берсек, шетел инвесторларының артында жағымсыз «шлейф» проблемалар жеткілікті", - деді депутат.

Айтуынша, 15 шілдеде Мәжілістің жалпы отырысында әріптесі Ерлан Сайыров 2005-2021 жылдар аралығында «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнының шахталарында 100-ге жуық адам қаза тапқанын айтқан.

Ал 2022 жылдың жазында Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті банкомат кәсіпорындарында барлығы 300-ге жуық бұзушылықты анықтаған. Олардың жойылған-жойылмағаны белгісіз.

"Бұрынғы «Испат Кармет» АҚ, қазіргі «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнымен жасақталған келісім-шарт қайта қаралуы керек. Өйткені оларға 200 млн теңгеден артық айыппұл сала алмайды екенбіз. Одан артып кетсе, оны Қазақстан Республикасы төлеуі керек, яғни біздің қалтамыздан төленеді!

Жалпы, жоғарыда келтірген ақпарат көзін оқып қарасаңыз, Миталл КарМетті арзанға сатып алған қаржысын өз қалтасынан төлемей, КарМеттен түскен пайдамен төрт жыл бойы жапқан.


Бүкілге жуық әлеуметтік нысандардан құтылған, коммуналдық шығындардан өте жеңілдік алған. Бір қызығы, Қазақстаннан тыс жердегі өзінің «АрселорМитталГрупп» компаниясындағы 1 тонна құрыштың (сталь) бағасы 47.08 АҚШ доллары болса, біздегі «АрселорМитталТеміртау» компаниясы құрышты 81.56 АҚШ долларына сатып отыр. Бізден май шелпекті ұруда! Шахталары мен зауытқа ешқандай модернизация жасамай!",  – деп күйінді депутат.

Сондай-ақ ол министрліктердің инвесторлар алдында қауқарсыз екендігін айтып. Оларға қойылатын талаптарды күшейту керек деп есептейді.

"Біз референдумда жерасты байлықтары халықтікі болады деп дауыс беріп, қабылдадық. Енді осы байлық халықты қыруға емес, халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуі қажет! Оның уақыты келді.

Екінші мәселе, Төтенше жағдай және Экология министрліктері тіпті қауқарсыз. Инвесторлардың алдында авторитеттері жоқ сияқты. Әлде министрлердің көздері қайғылы жағдайлар мен лас экологияға әбден үйреніп кеткен бе?

Облыс әкімдері өңірлердегі Президенттің басты өкілі ретінде олармен неге батыл жұмыс істемейді?


Парламентке өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті одан сайын қатайтатын заңдарды шығаруымыз керек. 30 жыл мүмкіндік берілді ғой. Енді олардың алдында құрақ ұшып жүгіруді қойып, талапты күшейту керек. Болмаса, арзанға алған нәрселерін мемлекетке қайтарсын! Сонда президент айтқан әділетті экономика болады!" – деп түйіндеді сөзін Еділ Жаңбыршин.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар