«Қазақтелекомның» екі қызметкері өндірістегі жазатайым оқиғадан қаза тапты

«Қазақтелекомның» екі қызметкері өндірістегі жазатайым оқиғадан қаза тапты
Ашық дереккөз.

4 және 5 тамызда «Қазақтелеком» АҚ-ның екі қызметкері өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews Halyqstan Telegram-арнасының деректеріне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, алғашқы оқиға 4 тамызда Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Аса ауылында болған. Байланыс бағанын ауыстыру кезінде кран-манипулятор жоғары кернеулі электр желісіне тиіп кетіп, 61 жастағы электромонтер әрі манипулятор жүргізушісі Азалхан Тұрсыновты тоқ соққан. Ол оқиға орнында көз жұмған.

Дерекке қарағанда, аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Жұмыстардың қауіпсіз ұйымдастырылуына жауапты болған Жамбыл желілік-техникалық цехының жетекші инженері полицияға жеткізілген. Оқиғаға байланысты бірқатар сот сараптамалары тағайындалған.

Halyqstan мәліметінше, екінші жазатайым оқиға 5 тамызда Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы Москалевка кентінде тіркелген. 56 жастағы электромонтер Мүбәрак Бектауов ескі ағаш байланыс бағандарын бөлшектеу жұмыстарына қатысқан. Жұмыс барысында кранның ілгегі үзіліп, құлаған бағана жұмысшының басына түскен. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан.

Басылымның жазуынша, қызметкердің қаза болғанын құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметі растаған.