Қазақтелеком Қостанай облысының Алтынсарино ауылын «радио көпір» сымсыз технологиясы бойынша жылдамдығы жоғары интернетке қосты. Жылдам интернеттің артықшылықтарын бағалаған алғашқы тұтынушылар - су тасқынынан зардап шеккен «Таза бұлақ» шағын ауданының тұрғындары болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көктемгі су тасқыны кезінде Алтынсарино ауылындағы 74 тұрғын үйді су басты. Басым көпшілігін қалпына келтіру мүмкін емес еді. Сол кезде біріне облыс орталығынан пәтер берілсе, ал енді бірі туған мекенінен кеткісі келмеді. Оларға 21 үй тұғызылып, жаңа «Таза бұлақ» шағын ауданы пайда болды. Мұнда жаңа баспана иелері үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Бұған қоса Қазақтелеком базалық станция орнатып, заманауи байланыс қызметтерін пайдалану мүмкіндігін сыйлады.
«Компания қалыс қала алмады. Техникалық мүмкіндіктерді бағалай отырып, «радио көпір» технологиясы бойынша мәлімет таратуға қатынау нүктесін ұйымдастыруды шештік. Жаңа шағын ауданда орнатылған базалық станция тұрғындарға жоғары жылдамдықты интернет қызметін ұсынады. Алдағы уақытта қамту аумағын кеңейтіп, бұл ауылды толығымен жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарда бар», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ ЖДБ Қостанай ҚЖПД директоры Сакен Искаков.
Алтынсарино - Елена Штуцтің туып өскен ауылы. Тобыл өзенінің маңында тұрғандықтан, ол су тасқынының талайын көрген. Биыл көктемде оның үйін түгелдей топан су басты. Ауыл тұрғынының айтуынша, мемлекет зардап шеккендерді қамқорлықсыз қалдырмай, көмек беретініне сенген. Алайда дәл осындай боларын күтпеген екен.
«Мемлекеттің көмегінің арқасында бүгін біз үлкен әрі барлық жағдайы жасалған жайлы үйде тұрып жатырмыз. Бізге тек жылдамдығы жоғары интернет жетіспей тұр еді. Қазақтелекомның арқасында бұл мәселе де шешімін тапты. Біз ұзақ жылдан бері компания қызметтерін пайдаланып келеміз. Сондықтан шағын ауданда техникалық мүмкіндік пайда болғанда алғашқы болып қызметтерді қосуға өтінім бердік. Енді немерелерім сүйікті мультфильмдерін қараса, ал қызым қашықтан жұмыс істей алады. Отбасымыздың ештеңеге алаңдамай өмір сүруі үшін барлығы бар», - дейді Алтынсарино ауылының тұрғыны Елена Штуц.
Айта кетейік, «радио көпір» бойынша сымсыз интернет желісіне қатынау – оптикалық желі тартудың балама шешімі. Бүгінгі күні Қостанай облысында аталған технология бойынша жылдамдықты интернет 19 ауылдың тұрғындарына ұсынылады.