«Қазақтелеком» Степногорск қаласында мыс желілеріне қызмет көрсететін соңғы АТС S&S08 станциясын өшіріп, ADSL интернетінің дәуірін ресми түрде аяқтады. Бұл станция 20 жылдан астам уақыт бойы 10 мыңнан астам тұтынушыға телефон байланысы мен ескірген мыс технологиясындағы интернет қызметтерін үздіксіз ұсынған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын «Қазақтелеком» Степногорск қаласын толығымен талшықты-оптикалық желімен қамту жобасын аяқтаған болатын. Нәтижесінде Ақмола облысындағы бұл қала толық «оптикалық» деңгейге өтті. Дегенмен оптикалық инфрақұрылым болғанына қарамастан, ескірген мыс желілерінің технологиясын демонтаждау аяқталғанға дейін АТС станциялары жұмысын жалғастырып келген еді.
«Ескірген мыс желілерінен бас тартып, олардың орнын оптикалық желілермен алмастыру – 2022 жылы басталған «Тазарту» жобасының басты мақсаты. Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап, еліміз бойынша 260 мыңнан астам тұтынушының инфрақұрылымы жаңартылды, оның ішінде 11 мыңнан астамы - Степногорск қаласының тұрғындары», – деп мәлімдеді «Қазақтелеком» АҚ бас техникалық директоры Самат Туғанбаев.
Ал заманауи технологияны таңдаған алғашқы тұтынушының бірі – Владислав Мамин. Ол оптикалық желіге алғашқылардың бірі болып қосылған.
«Мен алғашқылардың бірі болып Megaline-ға қосылып, интернетке қол жеткіздім. Уақыт өте келе жылдам интернеттің қажеттілігі арта түсті, әсіресе кешкі уақытта баяу жұмыс істеп, мессенджерлерде байланыс орнату қиындық тудырды. Оптикалық желіге көшкеннен кейін отбасымыз интернет жылдамдығының 30 есе артқанын және ештеңенің «қатып қалмайтынын» бірден байқады. Қосылу үдерісі өте ыңғайлы және жылдам болғаны үшін компанияға алғыс айтамын», – деді Владислав Мамин.
«Тазарту» жобасы аясында клиенттерді мыс желілерінен оптикалық желілерге ауыстыру Қазақстанның басқа өңірлерінде де белсенді түрде жалғасып жатыр. Биылдың өзінде 45 мыңнан астам пайдаланушы оптикаға ауысты. Клиенттер GPON технологиясын таңдайды, себебі ол 500 Мбит/с-қа дейінгі жоғары жылдамдық пен өткізу қабілетін қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе стриминг, онлайн ойындар және үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеу үшін маңызды.
Сонымен қатар клиенттер үшін байланыс тұрақтылығы мен сенімділігі де үлкен маңызға ие. Оптикалық желілер электромагниттік кедергілер мен ауа райының қолайсыз жағдайларына төзімді, бұл байланыс сапасын жоғалтпай, үзіліссіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Компания мыс желілерін толығымен ауыстыру жобасын алдағы бірнеше жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Инфрақұрылымды жаңарту тек желілердің сапасы мен сенімділігін жақсартуға ғана емес, сондай-ақ қазақстандықтардың жоғары жылдамдықты интернет пен цифрлық қызметтерге деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.