Қазақстанның ұлттық парктеріне келетін туристер саны соңғы жылдары айтарлықтай артқан. Егер 2020 жылы ұлттық парктерге бір миллионға жетпейтін адам келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 миллионға жеткен. Ал 2025 жылы келушілер саны шамамен 3,7–4 миллион адамға дейін өскен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Qazaq Expert Club сарапшылары – өңірлік даму жөніндегі маман Фатима Герфанова мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, туризм саласының сарапшысы Жанна Әсіпованың айтуынша, бүгінде ұлттық парктер табиғатты қорғау аумақтары ғана емес, өңірлік экономиканың маңызды даму нүктесіне айналып отыр.
Сонымен қатар туристер ағынының мұндай қарқынмен өсуі ұлттық парктерді басқарудың жаңа тәсілдерін қажет етеді.
Фатима Герфанованың пікірінше, ауылдық аймақтар үшін ұлттық парктер табиғи мұра ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашудың да мүмкіндігі.
«Туристер ағыны қонақ үйлерге, дәмханаларға, көлік қызметіне, гидтерге, жергілікті өнімдерге және отбасылық бизнеске сұраныс қалыптастырады. Көптеген өңір үшін бұл табысты арттырып қана қоймай, халықтың көшіп кетуін азайтуға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.
Алайда оның айтуынша, туристер санының артуы өздігінен тұрақты дамуды қамтамасыз етпейді.
«Егер туристік белсенділік бірнеше ғана шамадан тыс жүктелген нүктеде шоғырланса, экологиялық салмақтың негізгі бөлігі ұлттық паркке түседі, ал айналасындағы елді мекендердің экономикалық пайдасы шектеулі болады. Бағыттар, сервис, орналастыру, тамақтану, жергілікті өндірушілер мен жұмыспен қамту біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс», – дейді Герфанова.
Жанна Әсіпованың айтуынша, қазіргі таңда ұлттық парктер мүлде жаңа жағдайда жұмыс істеп жатыр.
«Бұрын ұлттық парк ең алдымен табиғатты қорғау аумағы болса, бүгінде олардың көпшілігі күн сайын мыңдаған адам қабылдайтын ірі туристік бағыттарға айналды», – дейді ол.
Статистика да мұны растайды. Іле-Алатауы ұлттық паркінің келушілер саны 2020 жылғы 212 мың адамнан 2024 жылы 824 мыңнан асты.
Ал Көлсай көлдеріне келген туристер саны шамамен 400 мың адамға жетіп, бес жыл бұрынғы көрсеткіштен бес есе көбейді. Сонымен қатар Бурабай, Баянауыл, Сайрам-Өгем және Көкшетау ұлттық парктерінде де келушілер саны айтарлықтай артқан.
Сарапшының пікірінше, қазіргі басқару жүйесі ұлттық парктердің басты міндеті табиғатты қорғау болған кезеңде қалыптасқан.
«Қазір ұлттық парк басшылары бір мезетте туристер ағынын басқаруға, көлік қозғалысын ұйымдастыруға, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, туроператорлармен жұмыс істеуге, цифрлық сервистерді дамытуға және табиғи кешендерді сақтауға міндетті. Бұл – мүлде басқа міндеттер жиынтығы», – деп түсіндірді Әсіпова.
Осыған байланысты ол ұлттық парктерге пәнаралық командалар қажет екенін айтты.
«Қазіргі мамандарды алмастыру туралы сөз болып отырған жоқ. Команда құрамында туризм, рекреациялық жоспарлау, көлік модельдеу, геоақпараттық жүйелер, деректерді талдау және цифрлық технологиялар саласының мамандары болуы тиіс», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, туристік жүктемені бағалау тәсілін де өзгерту маңызды. Жалпы келушілер санынан гөрі адамдардың нақты қай жерде шоғырланғанын, қай уақытта келетінін, қандай көлікпен жүретінін және қай аумақтарға ең көп салмақ түсетінін анықтау әлдеқайда маңызды.
«Бір бақылау алаңына бір мезетте жиналған жүз адамның табиғатқа әсері бірнеше бағытқа бөлінген жүз адамның әсерінен мүлде өзгеше болады», – дейді Әсіпова.
Сондықтан көптеген ел туристік ағындарды бейімделген басқару жүйесіне көшіп жатыр.
«Бұл тәсіл автоматты есептегіштерді, интеллектуалды камераларды, ұшқышсыз аппараттарды, геоақпараттық жүйелерді және кеңістіктік деректерді талдауды пайдалана отырып, келушілерді тұрақты бақылауға негізделген. Мұндай жүйе ұлттық парктерге келуді жай ғана шектемей, туристер ағынын икемді басқаруға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.
Фатима Герфанова әлемдік тәжірибе дәл осы бағытта дамып жатқанын атап өтті.
«Еуропада тұрақты туризм жөніндегі Еуропалық хартия жұмыс істейді. АҚШ-та келушілер санымен қатар бағыттардың жағдайы, қауіпсіздік, маусымдық ерекшелік және инфрақұрылымға түсетін жүктеме де бағаланады. Жаңа Зеландияда ең танымал бағыттар алдын ала брондау және келушілер санын шектеу жүйесімен жұмыс істейді.
Қазақстанға бұл үлгілерді толық көшірудің қажеті жоқ. Бірақ олардың басты қағидасы ортақ – тұрақты туризм табиғи аумақтың жүктеме шегін дұрыс түсінуден басталады», – дейді сарапшы.
Жанна Әсіпованың пікірінше, ұлттық парктерді басқарудың заманауи жүйесі үш қағидаға негізделуі тиіс. Олар – пәнаралық командаларды дамыту, рекреациялық жүктемені бағалаудың жаңа әдістерін енгізу және туристер ағынын нақты уақыт режимінде бақылайтын цифрлық мониторинг жүйелерін пайдалану.
Ал Фатима Герфанова мұндай жүйе барынша ашық болуы қажет деп есептейді.
«Бағыттарға түсетін жүктеме, соқпақтардың жағдайы, қолданыстағы шектеулер, табиғи аумақтарды қалпына келтіру шаралары және қабылданған басқарушылық шешімдердің себептері туралы ақпарат ашық жарияланып отыруы тиіс. Бұл туризмді дамытуды барынша ашық әрі тұрақты етеді», – дейді ол.
Сарапшы тағы бір кең таралған қателікке назар аударды. Оның айтуынша, жаңа инфрақұрылым салынды екен деп табиғи аумақтың жүктеме шегін автоматты түрде арттыруға болмайды.
«Жаңа жолдың, визит-орталықтың немесе глэмпингтің салынуы табиғаттың төзімді болғанын білдірмейді. Кей жағдайда ең тиімді инвестиция – туристі осал табиғи аумаққа жақындату емес, балама маршрут ашу, көрші ауылды қолдау, брондау жүйесін енгізу, адамдар ағынын бөлу немесе бүлінген соқпақты қалпына келтіру», – дейді Герфанова.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, ұлттық парктерге келушілер санының артуы – оң үрдіс. Алайда Қазақстанның басты туристік байлығы – туристер саны немесе жаңа бағыттардың ұзындығы емес, табиғаттың өзі. Сондықтан бүгін өсіп келе жатқан туристік ағынды тиімді басқару ұлттық парктердің сақталуына және өңірлердің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.