Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. Ал оңтүстік, орталық және батыс өңірлерде аптап ыстық сақталып, Маңғыстау облысында ауа температурасы +47 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақмола облысында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін ысиды. Облыстың батысында жоғары, ал оңтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Облыстың батысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысында күндіз 35-37 градус ыстық болады, ал оңтүстігінде ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше, қалған бірқатар аумағында жоғары өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Өңірдің шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Павлодар қаласында да жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Қарағанды облысының шығысында жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанады. Жел күшейіп, облыстың шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында күндіз 35-38 градус ыстық болады. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Өңірдің оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және желдің күшеюі күтіледі. Желдің екпіні секундына 20 метрге, кей тұста 23 метрге дейін жетеді. Өңірдің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Абай облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай болады. Күндіз бұршақ түсіп, жел күшейеді. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 23 метрге дейін жетеді. Облыстың солтүстік-шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың басым бөлігінде төтенше, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Алматы қаласында да төтенше өрт қаупі сақталып, таулы аймақтарда жаңбыр мен найзағай болжанады.
Жетісу облысының шығысы мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 17-22 метрге дейін жетеді.
Жамбыл облысының таулы аумақтарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін күшейеді. Өңірде төтенше, шығысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні тау асуларында секундына 25 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріліп, төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында күндіз 40-43 градусқа дейін аптап ыстық болады. Өңірдің оңтүстігінде шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін жетеді. Ақтөбе қаласында жоғары өрт қаупі сақталады.
Атырау облысының батысында аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел күшейіп, күндіз ауа температурасы 40-43 градусқа дейін көтеріледі. Атырау қаласында да 40-42 градус аптап ыстық болады.
Маңғыстау облысында еліміз бойынша ең жоғары температура тіркелмек. Күндіз ауа температурасы 43-47 градусқа дейін көтеріліп, өте қатты ыстық болады. Ақтауда желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде өткінші жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Кей жерлерде шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 40-43 градусқа дейін жетеді. Орал қаласында да жаңбыр мен найзағай болжанады.