Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Құрбан айт мерекесін ұлттық нақышта атап өтуге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел мұсылмандарын айтулы мерекеде ұлттық киім киіп, ата-дәстүрімізге сай ұлттық үлгіде өткізуге және игі істерге белсене атсалысуға үндеді", - делінген ресми мәлімдемеде.
Бас мүфти өз сөзінде облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылатынын, сондай-ақ мәдени-рухани кештердің өтетінін атап өтті.
Осыған орай, ол барша отандасымызды ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, Айтты төлтума дәстүрлерімізбен сабақтастыра тойлауға және сауапты амалдардың басы-қасынан табылуға шақырды.