Қазақстанның атын халықаралық бәйге аренасында танытқан Кабирхан қайтадан жеңіс тұғырына көтерілді

Қазақстанның атын халықаралық бәйге аренасында танытқан Кабирхан қайтадан жеңіс тұғырына көтерілді
Фото:instagram.com/racingdubai

Қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс атақты ағылшын тұқымды жүйрік Кабирхан ұзақ үзілістен кейін қайтадан жеңіске жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өткен демалыс күндері Пятигорск ипподромында өткен сынақ жарысына қатысқан жүйрік бірден топ жарып, атақты шабандоз Ю.А. Допираны еске алуға арналған бәйгеде мәреге бірінші болып келді. Бұл — Кабирханның соңғы екі жылдағы алғашқы жеңісі.

Кабирхан қазақстандық кәсіпкер Тлек Мұқанбетқалиевке тиесілі. Hippodrom.ru сайтының мәліметінше, Еуропа мен Солтүстік Америкадағы бірқатар сәтсіз жарыстардан кейін жылқы тәжірибелі бапкер, Кабардин-Балқар Республикасының маманы Арслангирей Шавуевке сенімгерлік басқаруға берілген. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы маманның еңбегінің арқасында Кабирхан 2023 жылы халықаралық деңгейге көтерілген.

Жүйріктің ең жарқын кезеңі екі жарым маусым бұрын басталды. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен беделді Al Maktoum Challenge жарыстарының екі кезеңінде жеңіске жеткен Кабирхан кейін әлемдегі ең ірі бәйгелердің бірі – жүлде қоры 7 миллион доллар болатын Dubai World Cup додасына жолдама алған еді.

Әлемдік деңгейдегі бұл жарыста қазақстандық жүйрік жетінші орыннан көрінді. Ал 2023–2024 жылғы маусымда Кабирхан иесіне жалпы көлемі 755 548 доллар болатын жүлде қаржысын әкелді.

Алайда кейін жүйріктің жолы болмады. Соңғы кезеңде Кабирхан алты жарысқа қатысып, бірде-бірінде жүлделі орынға іліге алмады.

Осыған байланысты иесі бапкерді ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Америкалық маман Дуг Уотсонның орнына жылқымен Біріккен Араб Әмірліктерінде бірнеше мәрте чемпион атанған, сондай-ақ жүлде қоры 12 миллион доллар болатын Дубай әлем кубогының жеңімпаз бапкері Бхупат Симара жұмыс істей бастаған.

Алайда бапкерлер құрамындағы бұл өзгеріс те күткен нәтижені бермеген еді. Соған қарамастан, Пятигорскідегі соңғы жеңіс Кабирханның қайта бабына келе бастағанын аңғартты.