Қазақстанның астық экспорты 11,7 млн тоннаға жетті

Қазақстанның астық экспорты 11,7 млн тоннаға жетті
pixabay.com

Қазақстаннан астық пен ұн экспортының көлемі өсіп келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Қазақстан темір жолы» ҰК мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың 20 мамырына дейін астық және астық баламасындағы ұн экспорты 11,7 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,6 пайызға жоғары. Былтыр бұл көрсеткіш 10,3 млн тонна болған.

Экспорт көлемінің айтарлықтай өсімі Орталық Азия елдері мен Ауғанстан бағытында тіркелді.

Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 39,5 пайызға өсіп, 3,5 млн тоннадан 4,8 млн тоннаға жетті. Қырғызстан бағыты бойынша жеткізілім көлемі 1,5 есеге артып, 297 мың тоннадан 457 мың тоннаға дейін көбейді.

Ең жоғары өсім Ауғанстан бағытында байқалды. Бұл елге экспорт көлемі 2,3 есеге өсіп, 1,3 млн тоннадан 3 млн тоннаға жеткен.

Сонымен қатар Түрікменстанға жеткізілім де ұлғайды. Экспорт көлемі 47,7 пайызға артып, 130 мың тоннадан 192 мың тоннаға дейін өсті.

Сала мамандары мұны қазақстандық астыққа сыртқы нарықтардағы сұраныстың жоғары болуымен, экспорттық логистиканың дамуы және шетелдік серіктестермен сауда байланысының кеңеюімен байланыстырып отыр.