Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту бағыты Қытаймен ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Біздің елдеріміздің басшылары биыл екі рет кездесті және көптеген маңызды келісімдерге қол жеткізді. Олар бірге екіжақты ынтымақтастыққа қатысты көптеген құжаттарға қол қойды. Мұның бәрі Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарды жаңа, одан да жоғары деңгейге шығарды. Жақында президент Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанның одан арғы даму бағытын жасанды интеллектпен байланыстырды. Мен бұның жасанды интеллект, жасыл даму және цифрландыру саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», – деді Хань Чуньлинь сейсенбі күні Астанада.
Елші Бейжің шет тілдері университетінің Қазақстандағы филиалында Қытай Халық Республикасының құрылу күні мен Күзгі ай мерекесіне арналған іс-шараға қатысты. Шара аясында «Көркем Қытай» атты фотокөрме мен шеберлік сабақтары өтті.
Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев те Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына тоқталды. Ол Қазақстанда қытай тілінің оқытушыларын көбірек даярлау жоспарланып отырғанын, оның ішінде жоғары оқу орындары үшін де мамандар қажет екенін айтты.
«Бүгінде қос дипломдық бағдарламада 91 студент білім алуда, оның ішінде 77-сі – грант негізінде. Foundation бағдарламасына 151 студент қабылданды. (…) Жақында Астана халықаралық университеті біздің филиал базасында магистратура бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қойды. Бұл қадам жоғары білікті мамандарды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашып, қазақстан-қытай білім беру ынтымақтастығының көкжиегін айтарлықтай кеңейтеді», – деп атап өтті Ирсалиев.
Еске салсақ, Бейжің шет тілдері және мәдениеті университетінің филиалы 2024 жылдың күзінде Астана халықаралық университетінің базасында ашылған болатын.