Қазақстанның жаңа Конституциясында сөз бостандығы мен бейбіт жиындарға шектеу енгізу ұсынылды

Көркем Алдабергенова 26 қаң. 2026 13:56

Конституциялық кеңестің екінші отырысында Қазақстанның жаңа Конституциясында сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар еркіндігін шектеу жөнінде ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Конституциялық реформа аясында ұсынылған түзетулерді Мәжіліс депутаты Снежана Имашева таныстырды. Оның айтуынша, Конституцияға қосымша шектеу енгізу көзделіп отыр.

"Қосымша конституциялық шектеу енгізіледі - сөз бостандығы өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесіне, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс. Сондай-ақ зорлық-зомбылықты, соғысты және алауыздықты насихаттау мен оған арандатуға тыйым салу тізімі кеңейтіледі. Цензураға тыйым салу дербес конституциялық кепілдік ретінде сақталады", - деді депутат.

Сонымен қатар, бейбіт митингілерді ұйымдастырудан бас тартуға негіз болатын себептердің тізімін кеңейту мәселесі де талқыланып жатыр.

"Азаматтардың бейбіт жиналыстарға құқығы туралы бапқа да нақтылаулар ұсынылады. Бұл құқықты заңмен шектеуге болатын негіздер кеңейтіледі. Мақсаттар тізіміне: конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесін сақтау енгізіледі", - деді Имашева.

Депутаттың пікірінше, бұл өзгерістер бейбіт жиналыс бостандығын қоғамдық және мемлекеттік мүдделермен теңестіру кезінде құқықтық айқындықты күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, Конституция нормаларын нақтылау арқылы адам қадір-қасиетін ғана емес, оның ар-намысын - яғни жақсы аты мен қоғамдық беделін қорғау да көзделіп отыр.

"Заңмен қорғалады" деген сөздердің қосылуы бұл норманың мазмұнын анағұрлым практикалық сипатқа жеткізеді. Бұл жай ғана қағида емес, мемлекеттің адамды, оның қадір-қасиеті мен ар-намысын тиімді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тікелей міндетіне айналады", - деп түйіндеді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove