Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымын реттеу жүйесін бағалау миссиясы аяқталды, деп хабарлайды Dala news.
Аудит Глобалдық бенчмаркинг құралы (Global Benchmarking Tool) бойынша жүргізілді. Бұл – реттеуші органдардың жетілу деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкес объективті бағалауға мүмкіндік беретін әдістеме. Процедура ұлттық реттеу жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін халықаралық деңгейде мойындатудың маңызды кезеңі ретінде қарастырылады.
Бағалау барысында реттеуші органның негізгі функциялары қамтылды. Атап айтқанда:
•жүйені жалпы басқару,
•дәрілік заттарды тіркеу және нарыққа жіберу,
•фармакологиялық қадағалау,
•нарықтық бақылау,
•лицензиялау және инспекциялық қызмет,
•зертханалық зерттеулер,
•клиникалық сынақтарға бақылау.
Миссия қорытындысы бойынша сарапшылар реттеу жүйесінің дамуында елеулі ілгерілеу барын, сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи тәсілдердің енгізілгенін, сондай-ақ процестердің дәйекті цифрландырылып жатқанын атап өтті.
Жабылу рәсімінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрілік заттардың сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты.
Оның сөзінше, заманауи әрі ашық реттеу жүйесін қалыптастыру пациенттер мен медицина қауымдастығының мүддесін қорғауға бағытталған.
Миссияның ресми нәтижелері мен ұлттық реттеу жүйесін одан әрі дамытуға арналған ұсыныстар қамтылған қорытынды есеп Женевадағы ДДҰ жаһандық кеңсесінде қаралғаннан кейін жарияланады.
