Қазақстанның аумағы бөлінбейді: Конституциялық комиссия қауесетті жоққа шығарды

Самал Асқар 28 қаң. 2026 17:13

Ата Заңдағы Қазақстанның біртұтастығы мен аумағының бөлінбейтіні туралы норма өзгеріссіз қалады. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия әлеуметтік желіде тараған қауесеттерді ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Dala News.

Бүгін өткен комиссияның төртінші отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституцияға белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» форматындағы аймақтарды құру мүмкіндігін қарастыратын норманы енгізу ұсынылып отырғанын айтты.

Оның сөзінше, бұл бастама ең алдымен Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметіне және Алатау қаласын дамытуға қатысты. Ұсынылған тетік республиканың экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған.

Сонымен бірге, Бақыт Нұрмұханов бұл өзгерістер Қазақстанның біртұтастығы мен аумағының бөлінбейтіндігіне ешқандай әсер етпейтінін атап өтті.

«Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады», деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін комиссия отырысында айтылған ұсыныс әлеуметтік желіде әртүрлі түсіндіріліп, қоғамда алаңдаушылық тудырған болатын. Бүгін Конституциялық комиссия бұл мәселеге нақты жауап беріп, нүктесін қойды: Конституциядағы Қазақстанның біртұтастығы мен аумағының бөлінбейтіні туралы норма өзгермейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove