Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған ресейлік БҰҰ-дан экстрадицияны тоқтатуды өтінді

Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған ресейлік БҰҰ-дан экстрадицияны тоқтатуды өтінді

Қазақстаннан баспана сұрап, алайда бас тарту жауабын алған ресейлік белсенді Юлия Емельянова БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгініп, өзін Ресейге экстрадициялауды тоқтатуды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Емельянованың мүддесін қорғайтын заңгер Вадим Дроздовтың айтуынша, кассациялық іс жүргізу аяқталғаннан кейін оны экстрадициялауға кедергі болатын ішкі құқықтық тетіктер қалмаған.

«Сондықтан біз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінен шұғыл қамтамасыз ету шараларын қолдануды сұрадық. Ақпан айында Ресей билігі экстрадициялауға ұмтылып отырған Мансур Мовлаевтың ісі бойынша да шағым берген едім. Сол кезде комитет Қазақстаннан шағым толық қаралғанға дейін оны Ресейге бермеуді талап еткен болатын. Қазір Юлияның ісінде де комитет ықтимал тәуекелдерді қарастырғанға дейін оның экстрадициясына жол бермеу маңызды», – деді Дроздов ҚазТАГ тілшісіне берген пікірінде.

Заңгер босқындар құқығы, депортация және экстрадиция істері бойынша қорғаумен, сондай-ақ Интерпол дерекқорынан мәліметтерді алып тастау мәселелерімен айналысады.