Қазақстан Ресейден келетін адамдарға мемлекеттік шекарадағы санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіп жатыр, әзірге обаға күдікті жағдайлар анықталған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.
Комитеттің хабарлауынша, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда тұр. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында алдын алу шаралары қабылданған.
Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіледі. Оның аясында елге кіретін адамдардың денсаулық жағдайы бақыланады.
Комитет қазіргі уақытта оба ауруына шалдыққан немесе ауруға күдікті белгілері бар адамдар анықталмағанын мәлімдеді.
Қазақстанда шекарадағы санитариялық-карантиндік бақылау халықаралық санитариялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау бөлімшелері жұмыс істейді.
Бұған дейін Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінің қауіпті инфекциялардың алдын алу, анықтау және оларға жедел ден қоюға дайындығын бағалау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған.