Қазақстанда жастардың 50 мың теңгеден жоғары аударымдарын биометриямен растау ұсынылды

Қазақстанда жастардың 50 мың теңгеден жоғары аударымдарын биометриямен растау ұсынылды
pixabay.com

Қазақстанда 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден жоғары тұлғааралық ақша аударымдарын қосымша биометриялық растау арқылы жүргізу ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл ұсынысты Құрылтай депутаты Дидарбек Ділдәбек 7 қазандағы отырыста депутаттық сауалын жариялау кезінде айтты. Депутаттың сөзінше, жеңіл табысқа қызыққан кейбір жастар өздерінің банк шоттарын басқа адамдарға «жалға беру» арқылы заңсыз ақша айналымына тартылуы мүмкін. Алайда олар мұндай әрекеттің салдарын және өздеріне жүктелетін жауапкершілікті толық түсіне бермейді.

Осыған байланысты депутаттар 14–22 жастағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Ділдәбек құқықтық статистикаға сүйеніп, 2026 жылғы маусым айының басындағы жағдай бойынша дропперлік істері бойынша 214 күдіктінің 159-ы 18–29 жас аралығында болғанын айтты. Олардың 140-ы жұмыссыз.

«Бұл қылмыстың алдын алу шараларын жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізу қажеттігін көрсетеді», - деді депутат.

Жастарды дропперлікке және есірткі тарату схемаларына тартудың алдын алу үшін депутаттар оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттері арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді де ұсынды.

Мұндай түсіндіру кезінде есірткі қылмыстарына және банк шоттарын басқа адамдарға беруге байланысты тәуекелдер туралы ақпарат берілуі керек. Сонымен қатар әлеуметтік осал жастардың қажеттіліктерін «Цифрлық отбасы картасы» арқылы анықтап, оларға атаулы көмек көрсету ұсынылды.

Депутаттың айтуынша, көмекке мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен және киім алуға арналған ваучерлермен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру қажет. Сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар базасында еңбек заңнамасына сәйкес күн сайын жалақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыру ұсынылды.

Ділдәбектің пікірінше, жастарға заңды жолмен табыс табуға мүмкіндік жасау және әлеуметтік қолдауды уақытылы көрсету оларды қылмыстық ортаға тартудың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.