Қазақстан 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ел аумағына алма әкелуге уақытша тыйым енгізді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шектеу отандық бау-бақша шаруашылығын қолдау және импортқа тәуелділікті азайту мақсатында қабылданған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрлік жариялаған бұйрыққа сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден алманы барлық көлік түрімен әкелуге 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынады.
Сонымен қатар, Қазақстан аумағы арқылы алманы транзиттік тасымалдауға рұқсат берілген. Алайда мұндай тасымалдар тиісті құжаттар болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі уақытша шектеу отандық жеміс өсірушілерді қолдау үшін енгізілгенін атап өтті.
«Алма импортына уақытша тыйым салу бау-бақша шаруашылығын дамытуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыруға арналған бірқатар шаралар қабылданып жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Министрліктің пікірінше, бұл шешім қазақстандық бағбандардың өнімін өткізуге қолайлы жағдай жасап, ішкі нарықтағы жергілікті өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді.