"Қазақстанға 4,5 млн доллар бөлінген". Трамптың баспасөз хатшысы Байденнің шешімін сынға алды

Қаракөз Амантай 06 ақп. 2025 10:17 1048

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кәролин Левитт Жо Байден әкімшілігінің федералдық қаражатты тиімсіз жұмсағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұрынғы президенттің командасы (демократтар, ред.) Қазақстандағы “дезинформациямен күрес” деп сипатталған жобаға 4,5 млн доллар бөлген.

Каролин Левитт бұл ақпаратты Ақ үйдегі брифингте жария етті. Ол сонымен бірге Байденнің командасы Гуатемалада жыныс ауыстыруға 2 млн доллар, Ирактағы “Сезам көшесі” шоуына 20 млн доллар және Египеттегі туризмді қолдауға 6 млн доллар бағыттағанын айтты.

Левитт “Байден әкімшілігі мұны қандай негізге сүйеніп жасағанын түсіндірмейді” деп сынады.

“Олар осындай шығыстарды күрт қысқартып жатқан президент Трамптың бастамасына бұлқан-талқан болып жатыр. Ал шын мәнінде, адамдарға нақты көмек керек жерлерге (мысалы, Солтүстік Каролина мен Калифорния) мүлде қолдау көрсетілмеген, – деді Левитт.

Қазақстандағы “дезинформациямен күрес” жобасының нақты мазмұны туралы баспасөз хатшысы ешқандай дерек келтірмеді. Тек бұл бастаманың жалпы құны 4,5 млн долларды құрайтынын жеткізді.

Левитт федералдық шығындарды мұқият бақылау қажет екенін айтып, Байден әкімшілігінің бұдан өзге де қажетсіз жобаларға қаржы бөлгенін және оның тізімін алдағы уақытта жария етерін мәлімдеді.

Қазіргі президент Дональд Трамп инаугурациядан бері бюджет үнемдеу мәселесін жиі көтеріп келеді. Оның айналасындағы адамдар көптеген халықаралық бағдарламаны қысқарту немесе мүлдем тоқтату керек деген ұстанымда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар