ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылары Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссияларының дайындығын және азаматтардың белсенділігін атап өтті. Байқаушылар миссиясының дауыс беру барысына қатысты ешқандай ескертуі болмаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі, Ресей Мемлекеттік Думасының Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов таңертең миссия өкілдерінің бірнеше сайлау учаскесіне барғанын айтты. Байқаушылар №192 учаскенің ашылуына да қатысқан.
Оның айтуынша, барлық учаске дауыс беруді өткізуге қажет заттардың бәрімен толық қамтамасыз етілген.
"Біз барған барлық учаскенің ұйымдастырылу деңгейі мен дайындығы өте жоғары екенін атап өткім келеді. Учаскелер сайлаудың заң талаптарына қатаң сәйкестікпен өтуі үшін қажет заттардың бәрімен толық қамтамасыз етілген. Бұл учаскелерде жұмыс істеуге тартылған қызметкерлер дайындықтан өткен, өз міндетін біледі және оларды іс жүзінде орындай алады. Біз болған барлық учаскеде жағдай өте тыныш әрі лайықты деңгейде. Адамдар үлкен ықыласпен келіп жатыр және олардың кейін жаңадан сайланған Құрылтайдан орын алатын лайықты кандидаттарға дауыс бергісі келетіні көрініп тұр", — деді Картаполов халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте.
Беларусь Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Адам құқықтары, ұлттық қатынастар және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі комиссиясының мүшесі Эдуард Северин де азаматтардың сайлауға қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, демалыс күніндегі сайлаушылардың белсенділігі олардың елдің саяси өміріне араласатынын көрсетеді.
"Бүгін демалыс күні болғанына қарамастан, адамдар өз мемлекетінің саяси үдерістеріне, саяси өміріне қызығушылық танытып отыр. Осы тұрғыда болған өзгерістер Қазақстанның мемлекет, саяси субъект, ҰҚШҰ және ТМД мүшесі, сондай-ақ, осы ұйымға кіретін достас мемлекеттердің серіктесі ретінде табысты, тиімді әрі тұрақты дамуына ықпал ететініне назар аударған жөн", — деді Северин.
Қырғызстан Жоғары Кеңесінің Аграрлық саясат, су ресурстары, жер қойнауын пайдалану, экология және қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесі Нилуфар Әлімжанова сайлау күнін тарихи күн деп атады. Оның айтуынша, миссия өкілдері сайлау үдерісін үшінші күн қатарынан бақылап жатыр.
"Сайлау күні әзірге ешқандай ескерту жоққ. Барлығы заң талаптарына сай өтіп жатыр. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де барлық шара мен жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Адамдардың қызығушылығы шынымен жоғары", — деп атап өтті Әлімжанова.
Ресей Федерация Кеңесінің Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары Баир Жамсуев сайлау учаскелерінде азаматтардың еркін таңдау жасауына қажет жағдайлар жасалғанын айтты. Атап айтқанда, дауыс беруге арналған кабиналар жабдықталып, сайлаушылар сайлау туралы қажет ақпаратпен таныса алатын ақпараттық стендтер орналастырылған.
"Сайлау комиссияларының мүшелері негізінен мұндай іс-шараларды өткізу бойынша мол тәжірибесі бар адамдар екенін де атап өткім келеді. Олар тиісті дайындықтан өткен, дауыс беру учаскелеріне келген сайлаушылармен жұмысты білікті әрі кәсіби түрде жүргізіп жатыр", — деді Жамсуев.
Байқау жұмысының аралық қорытындысын миссия үйлестірушісі Андрей Картаполов шығарды. Оның айтуынша, миссия мүшелері сайлау үдерісінің ұйымдастырылуы мен дайындығының жоғары деңгейін, сондай-ақ, азаматтардың дауыс беруге деген қызығушылығын атап өтті.
"Тағы да атап өткім келеді: біз барған барлық жерде заң талаптарын қатаң сақтаудан қандай да бір ауытқу көрмедік. Басқа жерден де көреміз деп ойламаймын. Қазақстан халқын осы мерекемен құттықтаймын, бар жақсылықты тілеймін және халықтың еркін шын мәнінде білдіретін азаматтар сайлансын", — деді Картаполов.
Байқаушылар күн бойы жұмысын жалғастырады. Олар қаладағы учаскелермен қатар ауылдық жерлерге де баруды жоспарлап отыр. Миссия сайлау барысын бақылау аяқталғаннан кейін қорытынды тұжырымын ұсынады.