2024 жылғы тамыздан 2026 жылғы маусымға дейін Қазақстанда мерзімді әскери қызмет атқарған 82,1 мың азаматтың несие төлемі кейінге шегерілді. Олардың қаржы ұйымдары алдындағы қарызының жалпы көлемі 23,5 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған "Финграмота" жобасының мәліметінше, қазіргі уақытта әскери борышын өтеп жүрген 30 мыңға жуық сарбаз аталған жеңілдікті пайдаланып отыр. Олардың 7,5 млрд теңге көлеміндегі несиесі бойынша төлем есептелгенімен, өтеу мерзімі уақытша шегерілген.
Бұл тетік сарбаздардың әскери қызмет кезінде несие төлеу міндетінен уақытша босатылуына мүмкіндік береді. Яғни қарыз жойылмайды, тек оны өтеу мерзімі кейінге ауыстырылады.
Жеңілдік әскери қызмет аяқталғаннан кейін де бірден тоқтамайды. Сарбаздарға азаматтық өмірге бейімделіп, қаржылық міндеттемелерін қайта реттеу үшін қосымша уақыт беріледі.
Мамандар әскерден оралған азаматтарға жеңілдік мерзімінің аяқталуын күтпей, банкке немесе микроқаржы ұйымына алдын ала хабарласуға кеңес береді.
"Сарбаздар төлемді бастайтын жаңа күнді нақтылап, қарызын жаңартылған кестеге сәйкес өтегені дұрыс", - делінген мәліметте.