Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов украиналық "Миротворец" сайтының дерекқорына енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
РИА Новости мәліметінше, спортшы туралы мәліметтер сайтта 22 қыркүйек күні кешке жарияланған.
Ресурс Жүсіповті Ресейге қолдау білдірді және Украинаның аумақтық тұтастығына қарсы әрекеттерді қолдады деп айыптайды. Бұл – сайттың өз тұжырымы.
Басылымның жазуынша, бұған қазақстандық боксшының World Boxing президенті Геннадий Головкинге қолдау білдіруі себеп болған. Бұған дейін ұйым ресейлік спортшыларды халықаралық жарыстарға өз туы мен әнұранымен қатысуға жіберу туралы шешім қабылдаған.
Жүсіпов өз пікірінде спорт саясаттан бөлек болуы керек екенін айтып, оның адамдарды біріктіруге, достық пен өзара құрметті насихаттауға қызмет етуі қажет екенін жеткізген.
Айта кетейік, World Boxing атқарушы кеңесі биыл наурызда Ресей бокс федерациясының ұйымға кіру туралы өтінімін мақұлдады. Сәуірде Ресей мен Беларусь спортшыларына бейтарап мәртебеде жарысқа қатысуға рұқсат берілген. Кейін Ресей тарапы өз боксшыларының туы мен әнұранымен қатысу мүмкіндігіне ие болғанын мәлімдеді.
"Миротворец" – Украинаға қатысты түрлі саяси және әскери мәселелер бойынша адамдардың жеке деректерін жариялап келген даулы ресурс. Оның базасына әр жылдары түрлі елдердің қоғам қайраткерлері, журналистері, мәдениет өкілдері және спортшылары енгізілген.