Қазақстандық статистика ТМД бойынша үздік позицияға шықты

Көркем Алдабергенова 18 ақп. 2026 16:31

Былтырғы жылдың жазында біздің қоғам елеусіз қалдырған, бірақ бәріміз үшін өте маңызды жаңалық шыққан еді. Осыны мен де көптен бері жазайын деп жүргенмін. Қазақстан ресми түрде ОЭСР-дің статистика бойынша Кеңесінің ұсынымына қосылды. Осылайша Қазақстан ТМД мен Орталық Азияда бұл стандартқа өткен алғашқы ел атанды. Демек, біздің статистикамызға енді бүкіл әлем сенетін болады. Бұл туралы сарапшы Айбар Олжаев жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Бұл кәдімгі проблема. Мысалы, артта қалған, диктатура орнаған көптеген елдердің статистикасына халықаралық қауымдастық сенбейді. Себебі олар қолдан жасалуы мүмкін. Оның шынайы екендігіне кім кепілдік береді? Ал сенімді, шынайы статистика инвесторлар үшін аса маңызды.
 
ОЭСР-дің статистика жөніндегі ұсынымы 12 принциптен тұрады. Оның ішінде кәсіби тәуелсіздік, деректердің сапасы, ашықтық, халықаралық үйлесім сынды баптар бар. Қазақстан осы талаптарға сәйкестігін 2023-2025 жылдары өткен ауқымды шолуда дәлелдеді. Бұл статистика саласындағы «ISO сертификаты» сияқты. Енді біздің статистика халықаралық тұрғыда сертификатталды.
 
Қазір ТМД елдерінің статистика жүйесін шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Біріншісі - саяси ықпал жоғары топ. Мұндағы дерекке сенім төмен. Мысалы, Ресей. Олар статистиканы бұрмалау арқылы өздерінің саяси ойындарын жүргізеді. Екінші санат - техникалық артта қалған топ. Яғни санақтары ескі, базасы әлсіз. Оған Түркіменстан, Тәжікстан сынды елдер жатады. Үшіншісі - халықаралық стандартқа өткен, статистикасы ашық әрі тексерілетін категория. Бұл топта тек қана Қазақстан ғана бар.
 
Қазір біздің ұлттық есеп жүйесі толықтай United Nations SNA-2008 стандарттарымен жасалады. Ол өз кезегінде суверенді бондтарды тарту ставкасына, CDS спрэдтеріне, тікелей инвестициялық шешімдерге жақсы әсер етеді. Қазақстан деректері енді Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, ОЭСР базаларымен толық сәйкестенген. Біз әлемде осы қатарда тұрған 44-ші ел болып саналамыз.
 
Бір сөзбен айтқанда бізде енді билік статистиканы бұрмалап, өтірік айтқысы келсе де оны істей алмайды. Сол себепті бұл өте жақсы жаңалық.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove