2025 жыл өнер саласы үшін әлемдік деңгейдегі айтулы оқиғамен басталды. Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында жеке концерт берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мыңдаған аудиторияны жинаған бұл концерт қазақ өнерінің әлемге танылуына себеп болды.
Сонымен қатар 2025 жыл жас өнерпаздар үшін де жемісті кезең болды. Олар әлемдегі ең ірі музыкалық байқауларда өнер көрсетіп, жеңіске жетті.
Атап айтсақ, Ержан Максим Дубайда өткен Sanremo Best Song – 2025 байқауының Гран-при иегері, Александр Лим Қазанда өткен XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсының Гран-при иегері, Алмагүл Батталиева XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері, El Voice тобы Ставропольде өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылы №1 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мирас Нағашыбай XXIII «Витебск» халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы, Жасмин Түзелова Ресейдегі «Голос. Дети» музыкалық шоуының финалисі, Ернар Садырбаев (Amre) Мәскеуде өткен «Интервидение – 2025» халықаралық байқауының финалисі атанды.
Маған осы күнге дейін сенімін жоғалтпай, қолдау көрсетіп келе жатқан еліме алғысымды білдіргім келеді. Кез келген жас өнерпаз үшін қолдау өте маңызды. Мәдениет саласындағы әріптестерім де Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауын көріп келеді. Бұл шығармашылыққа айтарлықтай әсер етеді. Сенім мен батылдық артып, көп іске құлшыныс пайда болады. Мен өз тарапымнан елімізді одан әрі таныта беруге бар күш-жігерімді саламын, — деп атап өтті Ернар Садырбаев.
Сонымен қатар, биыл шығармашылық оқу орындарының студенттері арасынан байқау жеңімпаздарының саны 14,9% артты.
Тек 2025 жылдың өзінде мәдениет саласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің 1511 студенті республикалық және халықаралық фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары атанды.
Бұл жетістіктер қазақстандық жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп қана қоймай, ел намысын абыроймен қорғап жүргенін айқын дәлелдейді.
