Қайтарылған активтерді басқару компаниясы 24 шілдеде қазақстандық олигархтардан тәркіленген брендтік зергерлік бұйымдардың сәтті сатылғаны туралы есеп берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сауда нәтижелері
Саудаға қойылған 56 лоттың тек 18-і ғана сатылды. Бастапқы бағасы шамамен 14,8 млн теңге болған әшекейлер аукционда 17%-ға қымбат бағаға өтіп, мемлекетке 16,9 млн теңге табыс әкелді.
Жаңа иесін тапқан әшекейлердің қатарында FOPE брендіне тиесілі білезік бар – ол 3,5 млн теңгеге сатылды (сәуірде ол 3 млн 582 мың теңгеге бағаланған болатын). Сонымен қатар Picchiotti жүзігі, кулоны бар алтын тізбек, изумрудпен, інжу-маржанмен және гауһар тастармен безендірілген бірнеше жүзік және өзге де зергерлік бұйымдар сатылған.
Сауда өтпеген лоттар мен баға саясаты
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мәліметінше, 38 зергерлік бұйым бойынша сауда өтпеген.
«Бұл - нарықтық механизмнің табиғи бөлігі. Аталған лоттар заңға сай белгіленген тәртіппен қайтадан саудаға шығарылады», - деді компания өкілдері.
Тәркіленген зергерлік бұйымдар біртіндеп сатылып жатыр, алайда кей брендтердің бағасы тым жоғары болғандықтан, оларды бірнеше мәрте арзандатуға тура келеді.
Ең қолжетімді лоттар, мысалы, Tiffany & Co сырғалары, бұрыннан бастапқы бағамен сатылып кеткен.