Қазақстандық кәсіпкерлер қосымша құн салығының көтерілуіне қарсы шықты

Қаракөз Амантай 07 ақп. 2025 12:36 2155

Қазақстандық кәсіпкерлер қосымша құн салығының көтерілуіне қарсы шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтің ҚҚС мөлшерін көтеру туралы шешімінен кейін, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы шұғыл кеңейтілген отырыс өткізді. 

Жиынға еліміздің әр өңірінен 800-ге жуық кәсіпкер қатысты. “Атамекен” төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, кәсіпкерлер ҚҚС өсіміне алаңдаулы, сондай-ақ жаңа Салық кодексіне қатысты өз ұсыныстарын білдірген.

Баталовтың сөзінше, қазір бизнес пен билік арасында конструктивті, бірақ күрделі диалог жүріп жатыр. Ұлттық палата салық жүйесін жеңілдету қажет деп санайды және кәсіпкерлер үшін тең жағдайдың сақталуын талап етеді.

“Қазір бизнес-қауымдастықта кеңінен талқыланып жатқан маңызды мәселе – ҚҚС мөлшерлемесі. Біз оның көтерілуі нақты есептеулермен негізделуі керек деп санаймыз және мөлшерлеменің бірден 20%-ға ұлғаюына қарсымыз. Сонымен қатар, ҚҚС шегін қайта қарастыру қажет. Біз 15 миллион теңге шегіне де қарсымыз! Мұның бизнес табысына және даму қарқынына, әсіресе салықтық әкімшілендірудің күрделенуіне қалай әсер ететінін жан-жақты зерттеу маңызды”, – деді Баталов.

Сонымен қатар, “Атамекен” арнайы салық режимін қолдану шегін төмендету ұсынысын да құптамайды.

“Біз үшін мұндай шешімдер нақты сандар мен талдау нәтижелеріне негізделуі қажет”, – деді ұлттық палата өкілдері.

“Атамекен” салық реформасына қатысты ұсыныстар қамтылған бюллетень әзірледі.

Айта кетейік, ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру және оның шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету бастамасы алғаш рет 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар