Қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді

Ақтоты Жапатова 12 қаң. 2026 12:56

Сәтбаев университеті жанындағы Физика-техникалық ғылыми-зерттеу институтының базасында іске қосылған күн панельдерін өндіретін тәжірибелік-өнеркәсіптік желінің алғашқы нәтижелері қорытындыланды. «ТехноГруппСервис» компаниясымен бірлесіп жүзеге асқан бұл жоба жылына 150 мегаваттқа дейін қуаты бар күн модульдерін шығаруға мүмкіндік береді. Өткен жылы аталған өндіріс Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен технологиялық тәуелсіздігін нығайту жолындағы маңызды бастамалардың біріне айналды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Институт ғалымдарының еңбегі нәтижесінде қазақстандық тұтынушылар отандық өндірісте жасалған, тиімділігі жоғары, тұрақты қуат беретін және еліміздің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген заманауи күн панельдерін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Ұзақ мерзімге есептелген бұл панельдер бүгінде еліміздегі бірқатар өндіріс орындарында табысты қолданылып келеді. Сонымен қатар қолжетімді бағасы мен сенімділігі оларды тек зауыт-фабрикалар үшін ғана емес, жеке тұрғын үйлер үшін де тиімді шешімге айналдырады.

Физика-техникалық ғылыми-зерттеу институты Қазақстанда алғашқылардың бірі болып гетероөткелді фотоэлементтер саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жаңа технологиялық шешімдер әзірлеуге кірісті. Кванттық физика мен заманауи нанотехнологияларға негізделген бұл бағытта ғалымдар жиырма жыл бойы Германия мен Ресейдің озық тәжірибесін меңгерді. Соның нәтижесінде Tunnel Oxide Passivated Contact (TopCon) және Heterojunction Technology (HIT) технологиялары бойынша күн панельдерін өндіретін отандық алғашқы әзірлеушілердің қатарынан көрінді. Бұл тәсілдер күн элементтерінің энергия өндіру тиімділігін едәуір арттыруға жол ашады.

Жобаға қатысушы ғалымдар қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмайтынын атап өтеді.

«Біз ғалым ретінде бұл технологияларды үнемі жетілдіріп, олардың сенімділігін арттыруға және қазақстандық тұтынушылардың сұранысына сай болуына күш салып келеміз. Сонымен бірге күн энергетикасына арналған перовскиттік технологиялар мен ванадий негізіндегі аккумуляторлар бағытында да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мұның бәрі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ортақ үрдістің бір бөлігі», – деді жоба жетекшісі, ғалым Николай Чучвага.

Жоба негізінен ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге және күн радиациясы жоғары өңірлердің қажеттіліктеріне бағытталған. Жергілікті өндірістің дамуы импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жоғары технологиялы отандық өнімге деген сенімді күшейтеді. Әсіресе панельдердің еліміздің климатына бейімділігіне, энергия тиімділігі мен ұзақ қызмет етуіне айрықша мән беріледі.

Өткен жылдың нәтижелерін саралай отырып, институт ұжымы күн энергетикасы бүгінде тұрақты дамудың және болашаққа деген сенімнің нышанына айналып келе жатқанын атап өтеді. Нанотехнологиялар мен озық инженерлік шешімдер нақты жобалар арқылы қоғам игілігіне қызмет етіп, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруда және ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сәтбаев университеті ғалымдары мен инженерлерінің еңбегі алдағы уақытта да Қазақстанның ғылыми әлеуетін күшейтіп, орнықты болашақ жолында жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолдануға серпін береді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove