Мумбай әуежайында екі ұшақ соқтығыса жаздаған. DGCA, яғни Үндістан Азаматтық авиациясының бас дирекциясы өкілдері бұл оқиғаны зерттеп жатыр. Бұл туралы Үндістанның жергілікті басылымдары жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
The Hindu мәліметінше, өткен аптада Мумбай әуежайында Air Astana ұшағы қате бұрылыс жасап, ұшу-қону жолағына шығып кеткен, ал бұл кезде Air India ұшағы ұшу үшін жылдамдықты арттырған.
"22 ақпанда сағат 15:00-де Air Astana әуекомпаниясының Airbus A320 ұшағы Алматыға ұшуға дайындалып жатқан кезде қате бұрылыс жасаған. Air Astana ұшағы қолданыстағы ұшу-қону жолағын кесіп өткен сәтте Air India авиакомпаниясының Airbus A319 ұшағы Дохаға рейске ұшу үшін жылдамдықты арттыра бастаған.
Кейін Air India ұшағы жылдамдықты төмендетіп, апаттың алдын алып, ұшпай қалған. Air Astana ұшағы дұрыс емес бағыт бойынша қозғалысты жалғастырды. Ұшақ өз жолағына түсіп, кезекті күтуі керек еді", - деп жазылған жергілікті басылым мәліметінде.
Оқиға Air India-ның Дохаға ұшу уақытын бір сағатқа кешіктірген.