Әділет министрлігі үкімет отырысында қазақстандық орындаушылардың авторлық құқықтарын қорғау үшін арнайы платформа құруды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«2024 жылдың күзінде қазақстандық музыканың Meta платформаларынан жоғалып кетуі ұжымдық басқару саласындағы олқылықтарды көрсетті. Көптеген танымал автор мен орындаушылар өз еңбектерінің пайдаланылуы үшін тиісті сыйақы алмағандарын мәлімдеді», – деп атап өтті әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Министрлік авторлар мен құқық иелеріне өз шығармаларының қолданылуын қадағалауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе құруды жоспарлап отыр. Бұл жүйе келісімшарт жасау, роялти жинау, бөлу және төлем жасау процестерін онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
«Жалпы, цифрлық платформаны жасанды интеллект элементтерімен енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл жүйе мемлекеттік реестрге енгізілген объектілер бойынша талдау және есеп беру, интеллектуалдық меншік нысандарын іздеу жүйесін жетілдіру, авторлар мен құқық иеленушілерге арналған мобильді қосымша әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны кеңейтуді қамтиды», – деп мәлімдеді министр.
Еске салайық, былтыр қарашада Instagram желісінен қазақстандық әндер жоғалып кеткен болатын. Meta олардың KazAK-пен (Қазақстан авторлар қоғамы) серіктестік келісімі ұзартылмағанын, сондықтан KazAK құқықтарын сақтайтын барлық контент уақытша жойылғанын хабарлады.
KazAK-тың кез келген әні қазір Facebook пен Instagram желісіндегі Reels және Stories бөлімдерінде қолжетімсіз. Жауапта "KazAK ұсынған әндер пайдаланушы контентті олар өздері өшіруі немесе бұғаттауы мүмкін" делінген.