Қазақстандық 12 миллион доллар байлықты қайдан алғанын дәлелдей алмады

Көркем Алдабергенова 12 мау. 2024 11:46 6817

Қазақстандықтың 12 миллион доллар байлығы ел пайдасына алынады. Бұл туралы Бас прокуратураның активтерді қайтару комитетінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков «Возврату подлежит» деректі фильмінде айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Егер мемлекет тарапынан күдік туса, адам қандай да бір мүлкін заңды алғанын дәлелдей алуы керек. Егер дәлелдей алмаса, соттың шешімімен мүлікке «түсініксіз байлық» статусы беріліп, мемлекетке қайтарылады», - дейді Сүйіндіков.  

12 миллион доллар байлыққа қатысты сот шешімі де шығып үлгерген. Оның 11 миллион доллары ақшалай байлық болса, 1 миллион доллары брендтік әшекей бұйымдар, сағат және көлік.

Бұған дейін Бас прокуратура қайтарылған активтер туралы тың дерек жариялаған болатын.

Бас прокуратура елдегі 1 мыңнан аса және шетелдегі 150-ден аса мүлік туралы мәліметтерді талдап жатыр. Талдауда тағы 600 миллиард теңгенің бағалы қағаздары қамтылған. Елімізде 200-ден аса және шетелде 140 банк шоты анықталды. 2 триллион теңгеге жуық күдікті транзакциялар тексеріліп жатыр.

Премьер-министрдің басшылығымен комиссия 325 миллиард теңгеден аса сомаға активтерді мемлекетке қайтару туралы келісімдер мен талаптарды мақұлдады, оның ішінде 272 миллиард теңге теңгеріміндегі ақшалай қаражат бар. Олар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатыны айтылды.

Сондай-ақ, еліміздегі және шетелдегі құны 50 миллиард теңгеден асатын активтер мемлекетке берілді. Олардың ішінде бірқатар стратегиялық кен орындары, монополистік компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ, өндіріс объектілері, қонақүйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар және тағы басқалары бар.

Тізілімнің кейбір субъектілері өз еркімен жалпы құны 30 миллиард теңге болатын жоғары технологиялық инвестжобаларды жүзеге асыруға міндеттеме алған. Олардың ішінде құбырлар, қаптамалар, химиялық, азық-түлік және т.б. өнімдерді шығаратын өндіріс нысандары бар. Осылайша, кемінде 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, жылдық салық 1 миллиард теңгеден асуға тиіс.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар