Сәнді көлік, виллалар, кен орындары: Бас прокуратура қайтарылған активтер туралы тың дерек жариялады

Сағыныш Сардарова 05 мау. 2024 09:48 3587

Мемлекет пайдасына 375 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін Бас прокуратура басқа да жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар істеп жатыр.

"Негізгі мақсат - мұндай активтерді Қазақстан тұрғындарының игілігі үшін заңды айналымға шұғыл тарту. Активтерді қайтару процесі қатаң түрде заңға сәйкес және заңның өлшем шарттарына сәйкес келетін адамдарға ғана қатысты жүргізіліп жатыр", - деп жазылған Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарламасында.

Бас прокуратура елдегі 1 мыңнан аса және шетелдегі 150-ден аса мүлік туралы мәліметтерді талдап жатыр. Талдауда тағы 600 миллиард теңгенің бағалы қағаздары қамтылған. Елімізде 200-ден аса және шетелде 140 банк шоты анықталды. 2 триллион теңгеге жуық күдікті транзакциялар тексеріліп жатыр.

Премьер-министрдің басшылығымен комиссия 325 миллиард теңгеден аса сомаға активтерді мемлекетке қайтару туралы келісімдер мен талаптарды мақұлдады, оның ішінде 272 миллиард теңге теңгеріміндегі ақшалай қаражат бар. Олар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатыны айтылды.

Сондай-ақ, еліміздегі және шетелдегі құны 50 миллиард теңгеден асатын активтер мемлекетке берілді. Олардың ішінде бірқатар стратегиялық кен орындары, монополистік компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ, өндіріс объектілері, қонақүйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар және тағы басқалары бар.

Тізілімнің кейбір субъектілері өз еркімен жалпы құны 30 миллиард теңге болатын жоғары технологиялық инвестжобаларды жүзеге асыруға міндеттеме алған. Олардың ішінде құбырлар, қаптамалар, химиялық, азық-түлік және т.б. өнімдерді шығаратын өндіріс нысандары бар. Осылайша, кемінде 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, жылдық салық 1 миллиард теңгеден асуға тиіс.

Активтерді қайтару процесінің тағы бір маңызды бөлігі - әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру. Мәселен, тізілімдегі тұлғалар өз еркімен қызметтерін ерекше қажеттілігі бар адамдар және басқа да әлеуметтік осал топтар тегін пайдалана алатын, құны 5 миллиард теңгеден асатын заманауи мәдени-ағарту орталығын салынуға міндеттеме алған.

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің мәжбүрлеп қайтару тетіктерін іске асыру шеңберінде көптеген, оның ішінде қалай пайда болғаны түсініксіз активтерге қатысты талап қоюлар берілді.

Олардың бірі бойынша 11 миллиард АҚШ долларынан аса қаржыны, сондай-ақ, 400 миллион теңге сомасына зергерлік бұйымдар мен мәдени құндылықтарды мәжбүрлеп қайтару туралы сот шешімі қабылданып, күшіне енді.

2022 жылдан бастап экономиканы демонополизациялау шараларын қоса алғанда жалпы сомасы шамамен 1,7 триллион теңгенің активі, оның ішінде шетелден 750 миллион АҚШ доллары мемлекетке қайтарылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар