Қазақстанда такси жүргізушілеріне жаңа талап енгізілді. Енді олар қызметін бастамас бұрын көлігі туралы толық мәлімет көрсетуге міндетті болады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушыларының хабарлама беру қағидаларына өзгеріс енгізді. Бұған дейінгі тәртіпте тасымалдаушы нақты көлікпен байланыстырылмағандықтан, жол-көлік оқиғасы кезінде жауапты тұлғаны анықтау қиын болған.
Енді хабарлама формасына көліктің маркасы, мемлекеттік тіркеу нөмірі және шығарылған жылы енгізіледі.
Министрлік бұл өзгеріс такси қызметін көрсететін тасымалдаушыларды жедел анықтауға, жолаушылар қауіпсіздігін күшейтуге және заңсыз тасымалдаушылардың үлесін азайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ жаңартылған жүйе автопарк өзгерген жағдайда көлікті ауыстыруға немесе жаңасын қосуға мүмкіндік береді.