2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 9%-ға азайып, 1507-ден 1371 жағдайға дейін төмендеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, осы кезеңде жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы 37%-ға артып, 22,3 млн көлікке жеткен.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 91%-ы жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуынан болған. Апаттардың негізгі себептері ретінде жылдамдықты шамадан тыс асыру (33%), көлікті басқаруды жоғалту (14%), арақашықтықты сақтамау (13%) және жол белгілерінің талаптарын елемеу (10%) көрсетілген.
Комитеттің мәліметінше, ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырымды құрайтын учаскелерінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілген. Нәтижесінде осы жол бөліктеріндегі жол-көлік оқиғаларының саны 17%-ға төмендеген.
Соңғы бес жылда республикалық жолдардың 11 мың шақырымының 45%-ы І және ІІ техникалық санатқа ауыстырылған. Сондай-ақ транзиттік көлік ағынын елді мекендерден шығару үшін 65 айналма жол мен 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынған.
Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жолдағы ахуал мен жылдамдық режимі туралы ақпарат беретін электронды белгілер орнатылып, 22 ақылы учаскеде жылдамдықты бақылайтын 56 лазерлік кешен жұмыс істеп тұр. Жыл сайын 8 мыңнан астам жол белгісі ауыстырылып, жол таңбалары жаңартылып, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады.
Осыған байланысты Автомобиль жолдары комитеті жүргізушілерді жазғы демалыс маусымында жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жылдамдықты асырмауға, шаршаған күйде көлік тізгініне отырмауға және балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдігі мен арнайы балалар құрылғыларын пайдалануға шақырды.