Қазақстандағы "Конденсат" мұнай өңдеу зауыты Ресей мұнайын өңдеп, одан алынған бензин мен дизель отынының шамамен 70 пайызын Ресейге қайта жөнелтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Ресей тарапы Қазақстанға өз мұнайын зауытта өңдеу туралы ресми ұсыныс жолдаған.
"Бізде өндірілген мұнай өнімдерінің 30 пайызына дейін Қазақстанда қалатыны жөнінде келісім бар. Бұл - ішкі нарыққа қажет бензин мен дизель отыны. Қалған бөлігі Ресейге жіберіледі. Қазір Ресейге АИ-92 маркалы бензиннің шағын партиялары жөнелтіле бастады", - деді министр.
Осылайша, Қазақстан зауытында Ресейдің шикізатынан өндірілген мұнай өнімдерінің шамамен 70 пайызы қайтадан Ресейге жіберіледі. Өнімнің бір бөлігі Қазақстанның ішкі нарығында қалады.
Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, әзірге жанармай шағын партиялармен жөнелтіліп жатыр. Министр "Конденсат" зауытының 50 пайызы ресейлік компанияға тиесілі екенін де айтты.