Қазақстандағы ең терең шахта Қарағанды облысында салынады

Қазақстандағы ең терең шахта Қарағанды облысында салынады
Kazakhmys

Қарағанды облысында Қазақстандағы ең терең шахта оқпанының құрылысы басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кен орнының Шығыс учаскесінде «Ауа жеткізуші-клет-2» шахта оқпанының құрылысын бастады. Жобаға 32,5 млрд теңгеден астам инвестиция салынады.

Компания мәліметінше, жаңа шахта оқпанының жобалық тереңдігі 1283,9 метрді құрайды. Бұл оны Қазақстандағы ең терең шахта оқпанына айналдырады.

Жоба кен орнының Шығыс учаскесін игеруге, жерасты қазбаларын таза ауамен қамтамасыз етуге, жұмысшылар мен техниканы қауіпсіз тасымалдауға және жаңа кен қорларын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында 65 мың текше метрден астам тау жынысын қазып, қолданыстағы деңгейжиектермен тоғыз түйісу құрылысын салу жоспарланған.

«Қазақмыс» бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтің айтуынша, бұл жоба өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге және компанияның шикізаттық базасын нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.

Шахта оқпанын үңгілеу жұмыстарын 2031 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Одан кейін нысан заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталады. Атап айтқанда, клетті көтергіш, бас желдеткіш қондырғысы және жерасты қазбаларына ауа беруге арналған модульдік жылу энергетикалық қазандық орнатылады.

Кейін жоба аясында «Желдеткіш-2» шахта оқпанының құрылысы да жүзеге асады. Ол пайдаланылған ауаны сыртқа шығаруға, резервтік шығу жолын қамтамасыз етуге және кен қорларын одан әрі игеруге мүмкіндік береді.

Мыс, алтын және күміс қоры расталған «Нұрқазған» кен орнының қоры тау-кен байыту кешенінің 40 жылдан астам тұрақты жұмысын қамтамасыз ете алатыны айтылды. Компания бұл жобаны өндірістік қуатты арттыруға және кеніштің ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық инвестиция ретінде бағалап отыр.