Қазақстандағы аэротакси: болашақта жол ақысы қанша болуы мүмкін?

Қазақстандағы аэротакси: болашақта жол ақысы қанша болуы мүмкін?
Фото: eVTOL

Қазақстанда аэротакси қызметінің құны шамамен бір шақырымға 1 доллар болуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, егер бағыт 15 шақырым болса, жол ақысы шамамен 15 доллар болады.

Бозымбаев алдағы уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары кәдімгі автокөлік секілді үйреншікті көлік түріне айналатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай технологиялар біртіндеп күнделікті өмірге еніп, қалаішілік қатынаста кеңінен қолданылуы мүмкін.

Еске салайық, Алатау қаласында Орталық Азиядағы алғашқы eVTOL аэротаксиінің демонстрациялық ұшуы өтті. Аспанға тік көтерілген электрлі аппарат жиналған жұрттың назарын бірден өзіне аударды. Әдеттегі тікұшақтай гүрілдеген дыбыс жоқ. Аспанға баяу көтерілген аппарат айналып ұшып өткен сәтте көпшілік телефондарын көтеріп, тарихи кадрды түсіріп әлек болды. Ұйымдастырушылар аталған жобаны жай ғана технологиялық шоу емес, Қазақстандағы жаңа көлік индустриясының бастамасы ретінде таныстырды.