Қазақстандағы алғашқы АЭС 8 жылдың ішінде салынып бітуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев БАҚ өкілдермен өткен баспасөз мәслихатында елдегі алғашқы АЭС-тің құрылыс мерзімін қысқаруы мүмкін екенін айтты.
"АЭС-тің бірінші блогын салуға қандай да бір сын-қатерлер кедергі келтірмесе, 10-12 жыл кетуі мүмкін. Бірақ біз технология бір орнында тұрмайтынын түсініп отырмыз. Әлемдегі орташа мерзімдерді ескерсек, бірнінші блокты 8 жылдың көлемінде салып бітіру үшін ресми вендорлардың алдына мерзімді жылдамдату туралы мәселе қоя аламыз, - деді ол БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.
Айта кетейік, үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов биыл Қазақстанда үш АЭС салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Алматы облысында алғашқы АЭС салу бойынша қажетті келісімдер жақын арада жасалады. Сондай-ақ екінші және үшінші атом электр станцияларын салуға болатын аймақтарды анықтау бойынша талдау жұмыстары аяқталуға жақын", – деді Бектенов.
Еске салайық, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы маңында қуаттылығы 2–2,8 ГВт болатын атом электр станциясын салу мәселесі талқыланып жатыр.