Қазақстанда автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту және жөндеу кезінде қолданылатын отандық цементтің сапасына ауқымды зерттеу жүргізілуде. Бұл жұмыстарды «ҚазжолҒЗИ» мамандары қолға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, зерттеу «Қазақстанда өндірілген цементтердің химиялық құрамы мен физикалық-механикалық қасиеттерін талдау» ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – отандық цементтің сапасын бағалап, еліміздің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып жол құрылысына арналған цементке ғылыми негізделген талаптар әзірлеу.
«ҚазжолҒЗИ» мамандарының айтуынша, цемент жол құрылысының негізгі материалдарының бірі болып саналады. Оның сапасы жол төсемінің беріктігіне, аязға төзімділігіне, температуралық өзгерістерге шыдамдылығына және автомобиль жолдарының қызмет ету мерзіміне тікелей әсер етеді.
Қазір цемент үлгілерін іріктеу жұмыстары «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы және цемент өндіруші зауыттардың өкілдерінің қатысуымен жүргізілуде. Қазақстанда бүгінде құрылыс саласына өнім шығаратын 11 цемент зауыты жұмыс істейді.
Зерттеу аясында Маңғыстау, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы, сондай-ақ Шымкент қаласындағы кәсіпорындардан цемент сынамалары алынды. Мамандардың айтуынша, үлгілердің тікелей өндіріс орындарынан алынуы өнім сапасы туралы барынша объективті деректер жинауға мүмкіндік береді.
Ғалымдар цементтердің физикалық-механикалық қасиеттері мен химиялық құрамын зерттеп, түрлі минералдық және химиялық қоспалардың әсерін бағалайды. Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты мен өнім түрлеріне қатысты деректер де жинақталады.
Зерттеу нәтижесінде «Жол цементі» атты жаңа нормативтік-техникалық құжат әзірленбек. Бұл құжат цемент-бетон жолдарын салуда қолданылатын цементтерге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, зерттеу қорытындылары жол-құрылыс материалдарының сапасын арттырып, цемент-бетон жабындарының ұзақ қызмет етуіне жағдай жасайды және Қазақстанда заманауи жол салу технологияларын кеңінен енгізуге негіз болады.