Қазақстанда жол апатынан кейін сақтандыру төлемін алу тәртібі өзгереді

Қазақстанда жол апатынан кейін сақтандыру төлемін алу тәртібі өзгереді
ЖИ: Dalanews.kz

2026 жылғы 21 қазаннан бастап Қазақстанда міндетті автосақтандыру бойынша өтемақы қолма-қол берілмейді. Сақтандыру компаниялары ақшаны тек зардап шеккен адамның банк шотына аударады. Жаңа талап жол апатынан зардап шеккен жүргізушілерге, жолаушылар мен жаяу жүргіншілерге де қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Заңгерлік кеңесші Арыс Данагатовтың түсіндіруінше, өтемақы алу үшін азамат өтінішінде өз атына ашылған банк шотының немесе банк картасының деректерін көрсетуі керек. Ақшаны аудару және шотқа түсіру үшін алынатын комиссияны сақтандыру компаниясы төлеуге міндетті. Бұл шығындарды азаматқа тиесілі өтемақыдан ұстап қалуға болмайды, деп жазады Қазақпарат.

Бұл талап көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға қатысты. Ал ерікті сақтандыру түрлері бойынша төлем тәртібі бұрынғыдай келісімшартта белгіленеді.

Неліктен төлем тәртібі өзгереді?

Бұған дейін жол апатынан зардап шеккендер өтемақыны қолма-қол немесе банк шоты арқылы ала алатын. Сондай-ақ жазбаша өтініш не сенімхат негізінде ақшаны көлікті жөндейтін ұйымға тікелей аударуға мүмкіндік болған. Енді бұл тәртіп өзгереді. Арыс Данагатовтың айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолма-қол есеп айырысу кезінде ақшаның бір бөлігін делдалдар иемденіп кетуі мүмкін екенін алға тартады. Ал банк арқылы аударылған төлемнің ізі сақталады әрі қаражаттың нақты кімге түскенін тексеруге болады.

Дегенмен заңгер жаңа тәртіп сақтандыру компаниялары мен клиенттер арасындағы барлық дауды шеше алмайтынын атап өтті. Келіспеушіліктер көбіне келтірілген залалды бағалауға, өтемақы мөлшеріне, төлемнен бас тартуға және ақшаны уақытында аудармауға байланысты туындайды.

Сақтандыру ақшасы қанша күнде түседі?

Жаңа талаптар өтемақы төлеу мерзімін өзгертпейді. Заңгер түсіндірген мерзімдер мынадай: 15 жұмыс күні – сақтандыру компаниясы қажетті құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейінгі жалпы төлем мерзімі.

7 жұмыс күні – бірнеше адамның мүлкі зардап шеккен жағдайда, барлық жәбірленушіден құжаттар алынған соң төлемді бастау мерзімі. Бұл ретте алғашқы өтініш берілген күннен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірмеу керек. 7 жұмыс күні – зардап шеккен адам кінәлі жүргізушінің сақтандырушысына емес, өзінің сақтандыру компаниясына жүгінген кезде қолданылатын тікелей реттеу тәртібіндегі мерзім.

Қаражатты банк арқылы аудару шешім қабылданғаннан кейін ақшаның түсу уақытын қысқартуы мүмкін. Алайда күту уақытының басым бөлігі залалды бағалауға, құжат жинауға және қажетті рәсімдерден өтуге кетеді.

Өтемақы аз төленсе, не істеу керек?

Егер сақтандыру компаниясы тиесілі сомадан аз ақша аударса немесе комиссияны өтемақыдан ұстап қалса, заңгер бірнеше қадам жасауды ұсынады:

  • Сақтандыру компаниясынан төлемнің толық есебін сұрату.
  • Банк көшірмесін алып, шотқа нақты қанша ақша түскенін тексеру.
  • Жетіспейтін соманы аударуды талап етіп, сақтандырушыға жазбаша шағым жолдау. Мысалы, талапты орындауға 10 күнтізбелік күн беруге болады.
  • Егер комиссияны банк ұстаса, ақшаны қайтару туралы сол қаржы ұйымына бөлек өтініш беру.

Төлем кешіксе, қандай шара қолдануға болады?

Заңгердің мәліметінше, сақтандыру компаниясы белгіленген мерзімді бұзса, зардап шеккен адам Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын талап ете алады. Оның түсіндіруі бойынша, есептеу кезінде қолданылатын мөлшерлеме жылдық 27 пайызды құрайды.

Егер сақтандыру компаниясы шағымға жауап бермесе немесе заңбұзушылықты жоймаса, азамат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне e-Otinish платформасы немесе ведомствоның онлайн-қабылдау бөлмесі арқылы шағымдана алады. Агенттік сақтандырушының әрекетін тексеріп, негіз болса, жауапкершілікке тарту шараларын қолдана алады.

Ал өтемақы мөлшеріне қатысты дау шешілмесе, сотқа жүгінуге болады. Талап арызда төленбеген соманы, тұрақсыздық айыбын және сот шығындарын өтеуді талап етуге рұқсат етіледі. Бұл үшін жол-көлік оқиғасына қатысты құжаттарды, сақтандыру төлемінің есебін және талапты растайтын өзге де материалдарды сақтап қойған жөн.