Қазақстанда зейнетақы жинағын алу қиындауы мүмкін

Қаракөз Амантай 07 сәу. 2026 11:57

Қазақстанда азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану тәртібі өзгеруі мүмкін. Билік өкілдері жеткіліктілік шекті қайта есептеуді ұсынды. Аталған көрсеткіш зейнетақы қорында жиналған ақшаның қай бөлігі артық екенін және оны үй алуға немесе емделуге пайдалануға болатынын анықтайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа ұсынысқа сәйкес, жеткіліктілік шегін есептеу тәсілі қатаңдауы мүкін. Нәтижесінде, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бұрынғыдан қиындай түспек.

Қазіргі жүйе бойынша, егер азаматтың зейнетақы шотындағы қаражаты белгіленген шектен асса, артық бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе медициналық қызметтерге жұмсауға рұқсат беріледі. Алайда бұл шек қайта қаралса, пайдалануға болатын сома да өзгеруі ықтимал.

Үкімет жаңа тәсілді өмір бойы төленетін зейнетақы аннуитетінің құнына негіздеуді ұсынып отыр. Яғни, азамат зейнетке шыққаннан кейін тұрақты төлем алатындай жеткілікті қаражат қалуын қамтамасыз ету көзделеді.

Айта кету керек, зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін қомақты қаржы қажет. Азамат өз жинағын сақтандыру компаниясына аударып, есесіне өмір бойы төлем алуға келісім жасайды. Тәжірибеде мұндай аннуитетті рәсімдеу үшін көбіне 10 миллион теңгеден астам қаражат талап етіледі. Енді жеткіліктілік шегін есептеу осы қаржылық логикаға сүйенуі мүмкін.

Құжат қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға шығарылған. Талқылау 2026 жылдың 21 сәуіріне дейін жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін наурыз айында қазақстандықтардың тұрғын үй мақсатында зейнетақы қаражатын шешіп алу белсенділігі күрт төмендегені белгілі болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove