Қазақстанда алдағы екі жыл ішінде шамамен 3 трлн теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам жаңа өндіріс орны ашылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде автокөлік, тұрмыстық техника, жүк вагондары, құрылыс материалдары және басқа да жоғары технологиялық өнім шығаратын заманауи кәсіпорындар іске қосылып жатыр.
«Тек 2023–2025 жылдар аралығында жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Алдағы екі жылда шамамен үш триллион теңге инвестиция тарта отырып, тағы 200-ден астам жаңа өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бюджет кірісінің артуына, озық технологиялардың енгізілуіне және ең бастысы, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, іске асырылған индустриялық жобалардың нәтижесінде қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал жаңа кәсіпорындар пайдалануға берілгеннен кейін тағы 20 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары жалғасатынын айтты.
«Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдау мен қорғауға қомақты қаражат бөліп келеді. Бүгінде Қазақстандағы еңбекке қабілетті азаматтардың шамамен жартысы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Соңғы бес жылда бұл салада жұмыс істейтіндердің саны 4,5 миллион адамға жетті. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі алғаш рет 40 пайыздан асты. Ал 2025 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге сегіз триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді», – деді Президент.