Қазақстанда вице-президент лауазымы кімге бұйыруы мүмкін? Депутаттар ойын ортаға салды, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлыс тілшісі депутаттан вице-президент қызметіне кім лайық екенін сұрады.
“Мен мұны айтуға құқығым жоқ және этиканың бұзылуы болып саналады. Өзім байқап, ойлап тұрғаным бар. Вице-президент неге сенат, бұрынғы парламент төрағасына билікті бермейді? Президент қандай да бір жағдайда биліктен кетсе, оның жұмысын кім атқарады? Бізде осы уақытқа дейін парламент басшысы болды. Бірақ парламент ол басқа билік. Ал президент бір өзі шешім шығаратын, бүкіл жауапкершілікті өзіне алатын адам. Бүгін президент не деп айтты? “Мен бүкіл жауапкершілікті өзім аламын, мен жауап беремін” деді. Менің ойымша президент сондай адамды таңдауы керек (вице-президенттікке). Президентке тән қасиеттері бар, өзіне батыл жауапкершілік ала білетін, стратегиялық көзқарасы, азаматтық құндылығы, адами қасиеті бар адам бола алады. Бізде ондай кандидаттар көп емес, бірақ бар”, – дейді Әбенов.
Ал Ермұрат Бәпи журналистердің сұрағына нақты жауап бере алмады.
“Оны қалай айтасың? Айта алмаймын”, - деді Бәпи.
Өз кезегінде Ерлан Саиров бұл сұраққа қысқа ғана пікірін білдірді.
“Президентпен қиындықта да бірге болған бір адам бар. Ол — Ерлан Қарин”, — деді ол.
